Атырауда журналистер қаржылық сауаттылығын арттырды

(0 Votes)

Атырауда Түркітілдес журналистер қоры мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association — WFPA) «Шеврон» компаниясы серіктестігінің «Әлеуметтік журналистика:

БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» жобасы шеңберінде  «Журналистикадағы жасанды интеллект және YouTube», Түркітілдес журналистер қорының «HALYK BANK”  серіктестігінде «Іскерлік журналистика: қаржылық сауаттылық» тақырыптарына арналған екі күндік семинар-тренинг өткен болатын. Семинардың алғашқы күнінде соңғы уақытта жиі айтыла бастаған жасанды интеллект игілігінің бәріміз үшін маңызы кеңінен арқау болды. ЖИ құралдары арқылы бейне контент, дизайн, аударма, т.б жасауға болатынына көзіміз жетті. Оның үстіне ЖИ үздіксіз даму үстінде. Осы тұрғыда білімді жаңартып отыру артық етпейді. Сонымен қатар, БАҚ өкілдеріне арналған тегін семинарда YouTube канал ашу, жүргізу, монетизация, мақсатты аудиторияны калыптастыру, бос ниша табуды үйрендік. Осылайша, жаңарған платформалардың қыр-сырымен танысып, заманауи трендтерді меңгердік. Семинардың келесі күні Халық банкі Атырау филиалының директоры Жанна Майкопова Халық банк, оның өнімдері мен «Интернеттегі алаяқтық. Алдын алу жолдары» туралы кеңінен ақпарат берді. Ол алаяқтар адамдарды алдап, арбау тәсілдерін жаңаша түрлендіріп отыратынын қаперге берді. Сондықтан қоңырау шалған абонентке ешқандай құпия сөзді, жекеңізге келген кодты жарияламауды айтты. Себебі банк қызметкерлері ешбір жағдайда «несие рәсімдейсіз бе, шотыңызды біреу бұзды. Жасырын кодты айтыңыз» деген сынды мәліметпен хабарласуға құқығы жоқ. Осындай оқиғаға тап болсаңыз, еш жауап қайтармай, дереу банкке бару және ресми байланыс нөмірлерге хабарласу керектігін ескертті. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ нарықта 100 жылдан аса табысты жұмыс жасап келетін және негізгі көрсеткіштер бойынша елдегі көшбасшылардың бірі.

Банк қызметкерлерінің дерегінше, биыл елімізде 10 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген. Алаяқтар аңғал халықтың 18,2 млрд теңгесін қалталарына басқан. 

Ал медиатренер Нәзия Жоямергенқызы «АІ: инфографика, постер, презентация» тақырыбында маңызды мәліметтермен бөлісті. Семинар барысында БАҚ өкілдері жасанды интеллект, оны іскерлік журналистикада қолдану ерекшеліктері туралы білімдерін арттырды.

«Іскерлік журналистика: ашық дереккөздермен жұмыс» тақырыбында дәріс өткізген медиатренер Бауыржан Гаппаров медиажурналистика саласындағы құнды мәліметтерін ортаға салса, медиатренер Ерсұлтан Хожалепес «YouTube: рейтинг және монетизация» тақырыбында презентация жасады. Бұдан кейін тәжірибелік бөлім жалғасын тауып, журналистер топтық жұмыста өз жобаларын таныстырып қорғады. Соңында семинар қатысушыларына сертификат тапсырылды. 

Аталған семинарлар тізбегі Атырау, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақтауда ұйымдастырылуда.

Семинар-тренингтер нәтижесінде қатысушылар Түркітілдес журналистер қорының “Halyk Bank” АҚ серіктестігінде 2017 жылдан бері өткізіп келе жатқан «Еркін сөз»-2024 байқауында бақ сынайды. Байқау жеңімпаздары 2024 ж. 11-12 қарашада Алматыда өткізілетін IV Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумының салтанатты кешінде марапатталады.

IV Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумына Қазақстанның барлық облыс, аймақтарынан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Германия, Британия, Нидерланд, Швейцария, Австрия, Бельгия, Италия т.б. елдерден БАҚ басшылары, журналистер, баспасөз хатшылары, PR менеджерлер, журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттері, трэвл блогерлер қатысады.

Айнагүл Шакупова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521