Атырау облысында жабық мекемелерде 11 референдум учаскесі ұйымдастырылған.
Соның бірінде дауыс беру аяқталды. Атырау облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің УГ-157/1 мекемесінде №76 референдум учаскесінде дауыс беру аяқталды. Мұнда дауыс беру үшін тергеудегі 181 адам тіркелген. «Біздің мекемедегі тергеу изоляторында 181 адамға дауыс беру құқығын пайдалануға толық мүмкіндік берілді. Осы мақсатта мекеменің акт залына дауыс беруге арналған арнайы кабиналар жасалып, бюллетень салатын жәшіктер орнатылды.
Бүгін, таңғы сағат 7:00-ден бастап тергеудегі азаматтың бәрі референдумда дауыс беруге ниет білдірді. Олар жергілікті сағат 9:30-ға дейін дауыс беріп үлгерді», - дейді УГ-157/1 мекемесінің бастығы Думан Тәженов.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, Атырау облысында дауыс беру құқығы бар 396 323 адам тіркелген. Олар 261 референдум учаскесінде дауыс беріп жатыр. Оның ішінде ауруханалар, уақытша қамау орындары мен әскери бөлімшелерде 11 жабық учаске ашылған. 255 референдум учаскесінде пандус бар. Бұл учаскелер тактильдік белгілермен, көз жанарында ақауы бар адамдар аудионұсқаны тыңдағаннан кейін бюллетеньді толтыру үшін трафареттермен қамтылған. «Атырау қаласы мен аудандар орталықтарында мүмкіндігі шектеулі жандарға 39 инватакси қызмет көрсетеді. Ал құлағы естімейтін адамдар үшін 12 сурдоаудармашы бар.
Атырау қаласында, Жылыой, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат аудандарында вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдардың дауыс беруін 43 учаскелік комиссия ұйымдастырып жатыр», - деп мәлім етті аумақтық референдум комиссиясынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында референдумда дауыс беретін 400 мыңға жуық адам тіркеліп, Атырау перзентханасында жас босанған аналар дауыс бергенін хабарлаған.