Атырауда волонтерлар бастамасымен «Жанұя шаңырағы» аллеясы ашылды

(0 Votes)

Аллея "Тұрғындар қалашығы" ықшам ауданындағы Орталық саябақта орнатылды.

Шараның ашылу рәсіміне Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген, демеушілер, қала тұрғындары қатысты.

"The One" волонтерлар тобының бастамасымен жүзеге асқан аллеяның бас сәулетшісі Бейбіт Мырзағалиев. Аллеяда "Шаңырақ" арт - жобасы, Татуласу орындығы, Ант беру кітабы, арка және алтыбақан орнатылған.

Шараның ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген мұнайлы астананы абаттандыруға атсалысқан волонтерларға алғыс айтты.

"Баршаңызды Атырау қаласының әкімі Мейірім Жоламанұлының атынан тамаша аллеяның ашылу салтанатымен құттықтаймын.

Қаламыздың өсуіне, көркеюіне осылай баршамыз атсалысатын болсақ, Атырау игі бастамалар ордасына айналады" деп атап өтті Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген.

"Біздің мақсатымыз - қаламызды көркейтуге, абаттандыруға атсалысу болды. Сонымен бірге, отбасылық құндылықтарды дәріптеу" дейді "Жанұя шаңырағы" қоғамдық жобасының жетекшісі Виталий Ким.

Волонтер Баян Жанұзақованың айтуынша, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жобаның таңдап алынуы тегіннен тегін емес.

"Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан ажырасу бойынша ТОП 10 елдің қатарына еніп отыр. Көп жағдайда шаңырақ құрғандарына 1-4 жыл болған жұптар ажырасуда. Біздің аллеямыз отбасыларды нығайтуға, шаңырақ құндылықтарын дәріптеуге арналған. Бұл жерде күйеу жігіт қалыңдығына ұсыныс жасай алады, аға-апаларымыз күміс, алтын тойларын атап өте алады" дейді волонтер Баян Жанұзақова.

 Арт - жобаның бас сәулетшісі Бейбіт Мырзағалиев волонтерларға алғысын айтты.

"Жобаның эскизі 2016 жылы жасалған болатын. Сол уақыттан бері жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Өздерінің бастамаларымен маған жолығып, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан "The One" командасына алғыс айтамын.

Аллея атыраулықтарды махаббат пен жылулық бесігінде тербетеді деп сенемін" дейді бас сәулетші Бейбіт Мырзағалиев.

Салтанатты іс - шара аясында жобаның жүзеге асуына атсалысқан демеуші компанияларға, жеке тұлғаларға алғыс хаттар табыс етілді.

Небары 9 адамнан тұратын волонтерлар қатарында Әсел Тұяқпаева, Роза Әлдешова, Венера Тұрғанова, Надира Ерғалиева, Мадина Ерғалиева, Ануар Исаұлы, Зульфия Искалиева бар.

Волонтерлар командасы қаланы көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жасауға, қайырымдылық шараларға атсалысып келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521