Атырауда вакцина алғандар арасында жүлде қоры 40 млн теңгелік ұтыс ойыны басталды

(0 Votes)
Бүгін «қызыл» аймақтағы Атырау облысында жүлде қоры 40 млн теңгені құрайтын ақшалай ұтыс ойыны басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл іс-шараны «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырып отыр.
 
«Ақшалай ұтыстың жүлде қоры – 40 млн теңге. Оның 10 млн теңгесі бас жүлде үшін беріледі. Бүгін, 30 маусымынан бастап 200 мың теңгелік 10 сертификат әр он күн сайын 30 қыркүйекке дейін вакцина алғандар арасында ойнатылады. Тамыз айында 30 маусым-31 шілде аралығында вакцина алғандар үшін 3 млн теңге көлемінде 2 сертификат ұтысқа түседі. Ал, қыркүйекте 1-31 тамыз аралығында екпе алғандар үшін тағы 3 миллион теңгенің 2 сертификаты ойнатылады. Қазан айында бас жүлде – 10 млн теңгені ұту үшін 1 ақпан-30 қыркүйек аралығында вакцинаның І немесе ІІ компонентін салдырған тұрғындар қатыса алады», - дейді «Азаматтық Альянс» ЗТБ төрағасы Әлібек Семғалиев.
 
Оның айтуынша, жеңімпаздар Атырау облысының «Азаматтық Альянс» ЗТБ-ның әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирінде анықталады. Оған акцияның ашықтығын қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері тартылмақ.
 
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда вакцина алғандарға сыйлық берілетінін хабарлаған болатынбыз.


https://www.inform.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT