Атырауда STEAM JasSpace орталығы ашылды

(0 Votes)

Атырауда Абай атындағы орталықта STEAM JasSpace жасөспірімдер мен жастарға арналған орталықтың ашылу салтанаты өтті.

Бұл шара «JasSpace: Атырау қаласы жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында Атырау облысы әкімдігі, облыстық білім беру басқармасы, «Шеврон» компаниясы және «Орталық Азияның Еуразия Қоры» арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюға орай ұйымдастырылды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – JasSpace кеңістігінің айналасында STEAM бағыттары бойынша жастарды оқытуды қамтамасыз ететін және осы салалардағы кәсіптердің танымал болуына ықпалын тигізетін экожүйені құру.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушовтың айтуынша, бұл орталық ел мен қоғамның дамуында ғана емес, сондай-ақ кейінгі ұрпақтарды тәрбиелеуде де үлкен роль атқарады.

– Атырау облысының балалары мен жастары Абай орталығының JasSpace кеңістігінде жаңа технологияларды меңгереді және болашақта осы жоба аясында дайындықтан өткен жастар техникалық білімді қажет ететін аймақтың ірі мекемелерінің жұмысына ықпал етеді деп үміттенемін,- деп толықтырды Н.Таушов.

STEAM JasSpace орталығы – бұл жастар мен жасөспірімдерге арналған инновациялық жобалар мен бағдарламалар алаңы. STEAM бойынша білім беру ғылым, технология, инженерия, өнер және математика (STEAM – Science, Technology, Engineering, Art and Mathematics) сияқты салаларда бір уақытта дағдыларды дамыта отырып, оқытудың интеграцияланған және пәнаралық әдісіне негізделген.

– Жоба Атырау қаласының жастары мен балаларына пайдалы болып, техникалық дағдыларға үйрететініне және заманауи еңбек нарығында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыратынына сенімдімін,- деп атап өтті «Шеврон» Еуразиялық бөлімшесі басқарушы директорының міндетін атқарушы Марк Пэйн.

– Біздің қордың міндеттерінің бірі – STEAM бағыттары бойынша Абай атындағы орталықтың оқытушыларының біліктілігін, Атырау облысының жалпы білім беретін мектептері мұғалімдерінің әлеуетін арттыру және Атырау облысының оқушылары мен жастарына STEAM бағыты бойынша қосымша білім беруді ұйымдастыруға көмек көрсету болып табылады,- деді Орталық Азияның Еуразия Қорының директоры Ринад Темірбеков.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521