«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженерлерімен өткен жылы 1594 жол белгісі тексерілді.
Республикалық жолдарда жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында заманауи жаяу жүргінші өткелі белгісін орнату қолға алынды. Әзірге проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі А-27 «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы (Астрахань бағыты)» республикалық жолының 846-шы шақырымына (Құрманғазы ауданы) және А-33 «Доссор-Құлсары-Ақтау» республикалық тас жолының 179-шы шақырымына (Майкөмген елді мекені тұсы) орнатылған. Проекциялық жол белгісі қар, жаңбыр, көктайғақ болса да, яғни жылдың төрт мезгілінде анық көрінеді. Автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер түнгі уақытта да жолдағы ақ-сары жолақты 150 метр қашықтықтан анық көре алады.
Мұндай проекциялық жолақтар бұған дейін Ақмола, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының республикалық маңыздағы тас жолдарына орнатылған.
Жалпы, былтыр «Қазақавтожол» ЖШС Атырау филиалы 420 дана жаңа жол белгісін А-27 «Ақтөбе- Атырау-Ресей шекарасы (Астрахань бағыты)» және А-28 «Атырау-Орал» тас жолы мен А-33 «Доссор – Құлсары-Ақтау» жолына орнатқан. 3010 шақырым жол таңбасы сызылған. 20 дана шақырымдық белгілер, 1000 дана катафот, 20 дана ақпараттық тақтайша /панно/ және зақым келген 304 метр қисық иінді қоршау ауыстырылған.