«Астрахан-Атырау» жолаушылар пойызының қызметкерлері Аққыстау мен Атыраудың арасына келгенде толғағы басталған жолаушыға көмектесті.
Кенжегүл Қайырболатова Ганюшкинодан Атырауға бесінші вагонмен келе жатқан.
Құрам Ганюшкино станциясынан жөнелтілгеннен кейін таңғы сағат 5-те Кенжегүлдің толғағы басталды. Құрам бастығы Сәуле Ілиясова бастаған пойыз бригадасы тиісті шара қабылдап, нұсқаулыққа сәйкес машиниске хабарлады және жедел жәрдем бригадасын жақын маңдағы стансаға шақыртты.
Жедел жәрдем келгенге дейін жолсеріктер Мырзагүл Қаражігітова, Марияш Оразғалиева және Лаура Камалова әйелге көмектесті. Таңғы сағат 05:30-да вагонда қыз бала дүниеге келді.
Сәуле Ілиясованың айтуынша, жолаушылар тасымалында жұмыс істеген 15 жыл ішінде ол осындай жағдайға алғаш рет тап болған.
- Компаниямызда стандартты емес жағдайларда әрекет етуге үйретеді және біз әрқашан жолаушыларымызға көмек көрсетуге дайынбыз, - деді Сәуле Ілиясова.
Атырау стансасына келгеннен кейін жаңа туған сәбиді анасымен бірге жедел жәрдем қызметкерлері күтіп алды.
Кенжегүл Қайырболатова көмек көмек көрсеткендердің барлығына алғыс айтты.
«Бірінші кезекте бала үшін аландадым. Пойыздың барлық қызметкерлеріне осындай төтенше жағдайда маған көмектескендері үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Енді қызым өскенде өзіне айтып беремін», - дейді жас босанған ана.