Атырауда «Әнші дауысы» облыстық жас орындаушылар ән байқауы өтті

фото: atpress.kz
(0 Votes)

Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Облыстық халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өңірдің 18-35 жас аралығындағы жеке орындаушылары арасында «Әнші дауысы» облыстық ән байқауы өтті.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Облысымыздың дарынды жастарының басын бір арнаға толғыстырған іс-шара әуесқой жас әншілердің шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, республикалық деңгейдегі конкурстарға қатысуға, облыстық салтанатты мәдени шараларға өнерпаздарды анықтау мақсатында өткізілді. Байқауға қатысқан атыраулық өнерпаз Галина Нартай сайыс ерекшелігін айтып өтті.

- Сайыста Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін орындадым. Өз деңгейінде, жоғары дәрежеде өнер көрсеттім деген ойдамын. Мұнда көбіне кәсіби өнерпаздар қатынасуда. Сондықтан бәсекелестік бар, сайыс тартысты түрде өтіп жатыр. Мен негізі актерлық өнерді оқыдым, ал ән айту менің сүйікті ісім. Аталған байқауды құрбыларымнан естіп, бағымды сынап көруді жөн көрдім. Бұл сайыстың ерекшелігі - халық композиторларының өзіміз қалаған кез-келген бір әнін орындай аламыз. Осы сынды конкурстардың жиі ұйымдастырылуы - жас таланттарға өнерлерін шыңдап, өздерін танытуға берілген үлкен мүмкіндік болар деп ойлаймын, - деді Г.Нартай.

Ән додасына 17 жас орындаушы қатысып, Қазақстан халық композиторларының шығармаларынан бір әнді жанды дауыста орындау арқылы өнер көрсетті. Қатысушылардың дауыс ырғағы мен диапазонының кеңдігі, әннің өңделуі және орындаушылық шеберлігі мен киім үлгісі басты назарға алынды. Іс-шара соңында жүзден жүйрік шыққан таланттар анықталып, арнайы марапаттар табысталды.

Атап айтсақ, жүлделі I орынды Мақат ауданынан қатысқан Есенжан Қуаныш, II орынды Жылыой ауданының өнерпазы Аманқос Бекет пен Қызылқоғадан келген Назира Шоқан иеленді. Ал, Атырау қаласының жас әншілері Әнуар Күркебай мен Данияр Идаятов және махамбеттік Амандық Исатай III орынды қанжығалады. Сондай-ақ құрманғазылық Ерасыл Самиғоллаев, Махамбет ауданының өнерпазы Құралбай Әзілхан мен Атырау қаласының жас орындаушысы Галина Нартай байқаудың дипломанты атанды. Сонымен қатар қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар табысталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT