Атырауда мүмкіндігі шектеулі балаларға Жаңа жылдық ертеңгілік ұйымдастырылды

(0 Votes)

Жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі түрде өткізілетін бұл қайырымдылық шарасы балаларға мерекелік көтеріңкі көңіл күймен қатар, болашаққа сенімдерін оятып, қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Мерекелік кешке облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмасейтов пен облыстық Мәслихат депутаты, облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Фатима Төлеева қатынасып, жылы лебіздерін білдірді.

- Құрметті қонақтар, сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгін осы шарада өздеріңізбен жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Іс-шараны ұйымдастырып отырған облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының, соның ішінде Жастар қанатына алғысымыз шексіз. 140 баланың басын қосып, көтеріңкі көңіл күй сыйлау үлкен жомарттықтың белгісі деп білемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Келер жылы баршаңыз көздеген мақсаттарыңызға жетіп, армандарыңыз орындалсын. Балаларымыз білімде, спорт пен мәдениетте үлкен жетістіктерге жетіп, көз қуаныштарымыз болсын. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жақсылықтарымен келсін, - деді Г.Сүйеуова.

Іс-шарада барлығы 140 бала қамтылып, оның 120-сы ертеңгілікке қатысып, арнайы концерттік бағдарламалар мен қойылымдарды тамашалады. Ал үй жағдайындағы 20 балаға жаңа жылдық сыйлықтары жөнелтілді.

Жиынға қатысушы ата-ана Нұргүл Байтанова ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.

- Ең алдымен осы шараны ұйымдастырып, бізді арнайы шақырғаны үшін ұйымдастырушы ұжымға үлкен алғысымды білдіремін. Менің қызым Айдана Жұмалиева 17 жаста. Кішкентай кезінде инсульт алып, осы ортада жүргенімізге 16 жыл болды. Тек бүгін емес, жыл сайын бізбен байланысып, игі істерінен бізді қалыс қалдырмай, осындай мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасап жатқан барша жандарға ризамын. Жаңа жылмен баршаңызды құттықтаймын, - деді Н.Байтанова.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі, қамқоршысынан айырылған және көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған Жаңа жылдық ертеңгілік облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы Жастар қанатының «Самға жүрегім» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT