Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қатаң бақылауда

(0 Votes)

Қосылған құн салығы өскенмен, өңірдегі сауда орталықтарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасы тұрақты.

Қазір «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен ашылған сауда нүктелерінде 1 келі картоп – 180 теңге, пияз – 131 теңге, сәбіз – 152 теңге, қырыққабат – 142 теңгеден сатылуда.

Мамандардың айтуынша, биылдан бастап халыққа қолжетімді бағамен ұсынылып, ұдайы бақылауда болатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің саны 19-дан 31-ге дейін артып отыр. Яғни ұн, қант, күріш секілді тауарлармен қатар тартылған ет, алма секілді тағам түрлері қосылған.

Бүгінде тұрақтандыру қорында 9871 тонна көкөніс бар. Мамандар оның атыраулықтарды мамыр айына дейін жергілікті өніммен қамтуға жететініне сендіріп отыр. Бүгін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз турын өткізіп, қаладағы бірнеше сауда орындары мен азық-түлік қорын сақтайтын қоймаларды аралады.

Басты мақсат – бағаны бақылауда ұстау. – 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы өскен болатын. Алайда ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бағасының қымбаттауына негіз болған жоқ. Өңірде азық-түлік бағасы тұрақты. Халыққа қолжетімді бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін ұсыну бағытында «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бірнеше сауда орындарын ұсынып келеді. Сондай-ақ облыстық әкімдік тарапынан бөлшек сауда салық режимі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.

Мұндағы басты мақсат – сауда саласында қызмет ететін кәсіпкерлерге қолдау көрсету, – дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмаситов.

Қалада «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының, облыстық әкімдіктің қолдауымен ашылған «Otbasy» шаруа қожалығының он шақты сауда нүктесі жұмыс істейді. Мұнда көкөніс өнімдері жұртшылыққа тиімді бағамен ұсынылып отыр. Аталған шаруа қожалығының атқарушы директоры Эльдар Әбижановтың айтуынша, биыл тағы да қосымша сауда орындары ашылатын болады.

– Сенбі, жексенбі күндері қала, аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысамыз. Онда да біз өнімдерімізді ең төменгі бағамен сатамыз. Барлық сауда нүктесінде бір бағаны ұстанып отырмыз. Қоймамызда 200–300 тоннадай өніміміз бар, – дейді ол.

Ал «Мясной гастрономның» 4 сауда нүктесінде және «Халил ұста» ет дүкенінде сиыр етінің жауырын, төс бөлігінің 1 келісі 2598 теңгеден сатылуда.

Дүкен сатушысының айтуынша, сауда нүктесіне сиыр еті тұрақты келіп тұрады. Әсіресе өнімдердің қолжетімді бағада болуы зейнеткерлер тарапынан сұранысты арттырған. 

Негізі ет өнімдерімен қамтамасыз етуде бір мәселе бар. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруагерлер етті бұтарлап, қалаға жеткізіп, дүкендерде сатудан гөрі оны толықтай көтерме бағамен сатып жібергенді жөн көреді. Соның салдарынан қолжетімді бағамен ет өнімдерін ұсынатын шаруа қожалықтары санаулы. 

Енді шаһар тұрғындары арасында кеңінен танымал «Клубничный рай» сауда нүктелерінде де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатылатын болады. Дүкендер желісінің иесі Бибігүл Биғалиеваның айтуынша, қолжетімді бағаны тұрақты түрде ұстап тұруға жұмыстанады. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының егін шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Азат Қапановтың айтуынша, жұртшылықты көкөніс өнімімен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қоры 4 шаруа қожалығымен жұмыс істейді.

– Бүгінде маусымаралық кезеңге 4900 тонна көлемінде картоп қоймаға қойылды. Сондай-ақ 1600 тонна сәбіз, 2700 тонна пияз, 1800 тоннадай қырыққабат бар. Қазір қала аумағындағы 11 павильонда сатылуда. Жалпы, облыс бойынша ахуал тұрақты, – дейді ол.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT