Атырауда газ турбиналы электр станциясы салынады

(0 Votes)

Қызығушылық танытқан инвесторлар үшін жуырда ашық есік күні өтеді деп жоспарланып отыр.

«Самұрық-Қазынаның» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мұнайлы өңірге жұмыс сапарымен барып, өндірістік нысандарды аралады. Электр энергиясының тапшылығынан туындайтын қиындықтарды алдын алу мәселелерін талқылады. Ел экономикасының күре тамырына айналған өңірдегі электр энергиясының тапшылығы өндірістік орындардың да жұмысын қиындатады. Биыл шілдедегі апаттық жағдай – осыған дәлел.

Бүгін өңірге келген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Karabatan Utility Solutions компаниясының бу-газ турбиналық электр станциясын аралап, жұмысымен танысты.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Karabatan Utility Solutions компаниясының бу-газ турбиналық электр станциясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Осы арқылы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағымен қатар облысты электр энергиясымен қамтуға мүмкіндік туады. Өндіріс нысандары ғана емес, бізге облыс тұрғындарының жайлы өмір сүргені де маңызды.

Былтыр қарашада іске қосылған тұңғыш интеграцияланған газ-химия кешенінде 105 мың тоннадан астам полипропилен өндірілді. Қазір кешен жұмысы профилактикалық жөндеуге тоқтатылған. Өйткені қондырғылардың барлығын іске қосу үшін әлемдік тәжірибеге сүйене отырып толық тексеру қажет.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Мұндай өндіріс орыны әлемде саусақпен санарлық. Қазір бұл жердегі жұмысшылардың 90%-і – Қазақстан азаматы. Олардың бәрі – тәжірибелі, білікті маман.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, Атырау мұнай өңдеу зауыты биыл 7 айда шамамен 3,4 млн тонна мұнай өңдеген. Бұған қоса АИ-95 бензинін өндіру көлемі артты. Атырау мұнай өңдеу зауытын электр қуатымен толық қамту үшін газ турбиналы электр станциясын және Атырау жылу электр орталығынан электр беру желісін салу жоспарланып отыр. 18 тамызда кәсіпорындағы электр станциясының құрылысына қызығушылық танытқан инвесторлар үшін ашық есік күні өтеді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT