Атырауда «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы бойынша Ашық есік күні өткізілді

(0 Votes)

Атырау облысының мемлекеттік архивінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің басшылығымен «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында «Ашық есік» күні өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммунациялар қызметі

Іс-шараға Атырау облысы мемлекеттік архиві және қала, сонымен қатар 7 аудандық архив филиалы бойынша 4200-ден аса оқушылар, студенттер мен магистранттар қатысты.

Ол оқушылар мен студенттерге мәдени-рухани демалыс сыйлау, жастарды патриотизмге, туған жердің тарихына, мәдениетіне деген ұлттық сананы қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Атырау облысы мемлекеттік архивінің басшысы Қайрат Қуанышов ашық есік күнінің жастарға берер пайдасын атап өтті.

– «Архив және болашақ ұрпақ» атты бағдарлама аясында республика бойынша жүріп жатқан ашық есік күні бүгін біздің облысымызда да өткізіліп отыр. Бұл жоба республиканың барлық өңірлерінде 21-қыркүйек күні басталды және жыл сайын өткізіледі. Біздің басты міндетіміз – жастарымызға архивтің не екенін, мұнда қандай құжаттар сақталатынын кеңінен түсіндіру. Сондай-ақ өскелең ұрапаққа архив қорындағы құжаттардан өңір тарихына қатысты мәлімет беріп, туған өлке тарихын сүюді және білуді насихаттау үшін ұйымдастырылды, – деді Қ.Қуанышов.

Сонымен қатар Атырау облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Райса Тастемірова құжаттардан жасалған көрмеде өңір тарихының рухани, мәдени және материалдық мұрасы болып табылатын жүздеген құнды құжаттар сақталғанын айтып, мекеме жұмысымен таныстырып өтті.

– Біз болашақ ұрпаққа өңір тарихынан архив көрмелері арқылы деректер беретін боламыз. Сонымен қатар архив құжаттары негізінде дайындалған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрмелерді ұсынып, оған қоса «Архив 2025» бағдарламасы негізінде шетел архивтерінен әкелінген аса құнды құжаттардан құралған көрмені таныстырамыз. «Архив ісінің маңызы», «Отанына оралған тарихи құжаттар», «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» атты тақырыптағы көрмелерге экскурсия жасалады, – деді Р.Тастемірова.

Айта кетейік, аталған іс-шара барысында оқушылар мен студенттерге «Туған өлке тарихын біл» атты викториналық сұрақтар қойылып, сыйлықтар табысталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT