Атырауда аң аулау ережесін бұзғандар 862 млн теңге шығын келтірген

(0 Votes)

Атырау облысында былтыр аң аулау ережесін бұзған 11 адам анықталған. Олар табиғатқа 862 млн 703 мың теңге шығын келтірген.

Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Нұрлан Иманғалиев айтуынша, 15 қыркүйекте аң аулау маусымы басталады. Аң аулау 15 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Аң аулаудың өзіндік ережесі бар. Мәселен, құстарды, оның ішінде үйрек, қаз, кекілікті аулауға 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, қабан үшін 5 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, қоян, қарсақ аулаудың қысқы маусымына 1 қарашадан 15 ақпанға дейін жолдама алуға рұқсат етіліп отыр. Ал қасқыр аулауға 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген», -дейді Нұрлан Иманғалиев.

Оның мәліметінше, қазір өңірде сүтқоректілердің 21 түрі мен құстардың 114 түрі мекендейді. Қабан, қасқыр, қоян, түлкі, қарсақ, үйрек, қаз, кекілік аулау үшін аңшылық жолдамада көрсетілген жануарлардың санына ғана рұқсат беріледі.

«Әрине, әр нәрсенің өлшемі бар. Баршамыздың міндетіміз – табиғат байлығын қорғау, тыныштығын сақтау. Ережені сақтамай, аң аулау тәртібін бұзушылар жауапкершілікке тартылады. Аңшыда аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсатнама, аңшылық шаруашылығы нысанының жолдамасы, жеке аңшылар үшін қару мен оқтарды сақтауға және алып жүруге рұқсатнама, жыртқыш құстарды аулау кезінде төлқұжат болғанда ғана аң аулауға болады», -деп мәлім етті Нұрлан Иманғалиев.

Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметіне сүйенсек, былтыр аң аулау ережелерінің талаптарын бұзған 11 адам анықталған. Олар табиғатқа 862 млн 703 мың 200 теңге шығын келтірген.

Қазір Атырау облысында 6 мыңнан аса аңшы ресми түрде тіркелген. Оның 3 мыңға жуығы аңшылықпен тұрақты түрде айналысады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521