Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры 85-ші маусымын «Бейбарыс» спекталімен аяқтады. Осы жолы бірнеше рет сахналанған Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» (реж. М.Томанов, Ж.Телтаев) тарихи драмасы қазіргі заманның мәселесімен үндесіп жатқаны ойландырды.
Қойылымда Отанға деген махаббат, сыбайластардың жымысқы әрекеттері, мансапқұмарлық, сатқындық сынды ықылым заманнан бері өзектілігін жоғалтпай келе жатқан ұғымдар бар. Расында, Бейбарыс айналасындағы адамдардың әрқилы іс-әрекетіне төтеп беріп, ал тура жолдан тайғандарды қатаң жазалауы мемлекет мүддесін жоғары қойғанын көрсетеді. Заңбұзушылық пен адам тағдырына қиянат жасау, сыбайластық пен арам пиғылдар сияқты ғасыр індеттері оқиға өзегіне айналып отырады. Театр актерлері сол кездегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекеттерді сахна тілінде шебер сөйлете білді. Иә, бұл оқиға желісі – тақ пен сордың егіз екенін көрсетеді.
Енді кезінде кісенмен құл болып келіп, Мысыр билеген Бейбарыс қаннан да, сатқындықтан да шаршады... Бейне бір ақ пен қара, әділдік пен әділетсіздік алма-кезек ауысқан өмірдің қарапайым бейнесі көрермендерге ой салғандай болды. Сахна шымылдығы жабылғаннан кейін көрермендердің бірі Венера Нұртілеуова «меніңше, бұл спектакль сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттайтын қойылым болды» деген ойымен бөлісті.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ