Атырау облысындағы экономикалық өрлеу: жаңа өндірістер мен даму мүмкіндіктері

(0 Votes)

Атырау облысы — еліміздің ірі индустриалды өңірлерінің бірі, мұнда экономика көптеген салалардың дамуымен ерекшеленеді. Аймақтың негізгі индустриялары ретінде мұнай-газ өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру, агроөнеркәсіп және балық шаруашылығы атап өтуге болады. Әсіресе, соңғы жылдары өңірде шағын және орта бизнес саласында жаңа өндірістер ашылып, аймақтық экономикаға елеулі үлес қосуда.

Атырау облысының экономикасын әртараптандыру бағытында мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен көптеген жаңа бастамалар қолға алынуда. Мұнай мен газ өндіруден басқа салаларды дамытуға бағытталған жобалар өңірдің тұрақты дамуында маңызды рөл атқаруда. Бұл орайда, өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу және барларын жаңғырту бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Индер ауданында «ИСИ ГИПС ИНДЕР» ЖШС зауыты табысты жұмыс істеп тұр. Зауыт Қазақстандағы үш кәсіпорынның бірі ретінде құрылыс саласында маңызды өнім — гипсокартон өндіруде.

Әлемде орын алған экономикалық қиындықтарға қарамастан, «ИСИ ГИПС ИНДЕР» ЖШС өз жұмысын тоқтатпастан, сапалы өнім шығаруды жалғастыруда. Компания жоғары сапалы гипс өнімдерін өндіру арқылы құрылыс саласына қажетті материалдарды қамтамасыз етуде. Жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын ашып, экономиканың дамуына қосымша үлес қосуда. Ал қазір, компания жаңа құрылыс қоспаларын шығару жобасын іске асыру үшін тәжірибе жинақтауда.

«Ақтау-Битум» құрғақ қоспалар зауыты да аймақтағы маңызды кәсіпорындардың бірі болып табылады. Өткен жылы зауыттың өндіріс көлемі айтарлықтай өскен, ал жергілікті шикізаттан дайындалған өнімдер еліміздің түрлі қалаларына жеткізілуде. Бұл зауыттың табысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етіп, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады.

Атырау облысында құрылыстық материалдар өндірумен қатар, ас тұзын өндіретін зауыт та жұмыс істейді. «Inder Tuz Company» ЖШС жобасы өңір экономикасын одан әрі дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Бұл жобаның іске қосылуы Атырау облысының өндіріс саласын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететін болады.

Өңірдегі барлық бұл өндірістер аймақтың экономикасын әртараптандыруға, отандық өнімдер көлемін арттыруға және әлеуметтік дамуды қамтамасыз етуге бағытталған.

Мадина Жеделбаева,

СДУ университетінің 4 курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT