Атырау облысында 90-ға жуық нысанның құрылысы аяқталды

(0 Votes)

Бұл туралы облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов брифинг барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Спикердің айтуынша, бой көтерген нысандардың 44-і облыстық басқарманың тапсырысы бойынша, ал 45-і қала және аудан әкімдіктерінің тапсырысы негізінде жүзеге асырылған.

Олардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, мәдениет және спорт салаларын қамтиды. Атап айтқанда, жыл ішінде 2700 орындық 3 мектеп, 2 балабақша, 1 оңалту орталығы, 2 дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ 9 спорт нысаны іске қосылды.

Тұрғын үй құрылысы бағытында да оң динамика байқалады. Былтыр барлық қаржыландыру көздері есебінен 767,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар 101,9 пайызға орындалған. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 205 пәтер сатып алынды.

Бұдан бөлек, облыста су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар ірі гидротехникалық жобалар жүзеге асырылуда. Жайық, Қиғаш, Жем өзендері мен бірқатар каналдарда түп тереңдету және арнаны тазалау жұмыстары жүргізіліп, су өткізу қабілетін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда.

– Барлық жобалар әлеуметтік маңыздылығына қарай кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасады, – деді Нұрберген Құсайынов.

Сондай-ақ басқарма мәліметінше, осы жылы облыста бірқатар ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары, тұрғын үй кешендері мен инженерлік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы жалғасады. Бұл жобалар өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT