«Атырау облысы әкімдігіне қызметкерлері мен келушілер тек «Ashyq» бағдарламасы арқылы ғана кіре алады»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атырау облысы әкімдігіне қызметкерлері мен келушілер бұдан былай тек «Ashyq» бағдарламасын қолданып, өзінің короновирусқа қатысты мәртебесін көрсету арқылы ғана кіре алады. Сонымен қатар, Атырау қаласы, аудандар мен ауыл әкімдіктерінде де бұл талап жүзеге асырылады. Ондағы мақсат — азаматтардың денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазір коронавирус инфекциясы өршіп, облыстағы эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, Атырау өңірі «қызыл» аймақта тұр. Осыған орай, күн сайын санитарлық талаптар күшейтіліп, сақтық шаралары арттырылуда.
Атырау облысында сәуір айынан бастап «Ashyq» бағдарламасына QR-кодын алу үшін кәсіпкерлер тарапынан 812 өтініш түскен. Олардың 781-і оны алды. Атап өтерлігі, көрсетілген нысандардың келушілерді тіркемеген үшін 13 объект бағдарламадан екі аптаға шығарылды.
Сонымен қатар, аталған 781 нысанның 577-і тесттік режимнен өтіп әкімдік сайтында жарияланды. Кәсіпкерлердің өтініштерін қабылдау және түсіндірме жүргізу үшін Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында Call-орталық қызмет етуде. Сондай-ақ 109 бірыңғай байланыс орталығы да тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.