Атырау-Астрахан жолының бойында демалыс алаңдары мен жылы әжетхана салынады

(0 Votes)

Қазір «Атырау - Астрахан» тасжолында қайта жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жөнделіп біткен соң аталған автожол үшінші санаттан екінші санатқа өтеді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Болатбек Айтбеков мәлім етті.

«Атырау - Астрахан» күре жолында демалыс алаңдары салынады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар жол бойына жылы әжетхана орнату да жоспарда бар. Олардың саны мен қай жерде салу мәселесін қоғам талқысына саламыз. Яғни, демалыс алаңы мен әжетханаларды салуда халықтың сұранысы мен тұтыну деңгейі ескеріледі. Одан бөлек тасжол бойында су өтетін құбырлар мен малға арналған өтпе салу қарастырылған. Биыл Атырау облысында жол жөндеу жұмысына бюджеттен 56 млрд теңге бөлінді», - деді Болатбек Айтбеков «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұйымдастырған БАҚ өкілдеріне арналған тур барысында.

Оның айтуынша, Атырау облысында республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 1125 шақырымды құрайды.

«Бүгінде Атыраудағы республикалық маңызы бар жолдардың 83 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Қайта жөндеу жұмысынан өткен жол учаскелері мемлекеттік талдаудан сүрінбей өтсе, шетінен пайдалануға беріледі. Өйткені, жөндеу жұмысы бірнеше учаскеде жүріп жатыр. Жалпы жоспар бойынша «Атырау - Астрахан» тасжолы 2023 жылы толық пайдалануға беріледі», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикердің айтуынша, «Атырау - Астрахан» автожолы Махамбет, Исатай және Құрманғазы ауданы аумағын жалғайды. Одан әрі жол Ресейге тартады.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT