Атырау-Алматы бағытындағы пойызда жас сарбаз есінен танып қалған әйелді құтқарып қалды

(0 Votes)

Атырау-Алматы бағытындағы пойызда ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметкері Өзбекстан азаматының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Бұл күні әскери қызметшілер тобы Атыраудан Зайсанға жаңа қызмет атқару орнына бара жатты. Түн ортасында жолсерік әскери команданың басшысы майор Е.Еркінбаевқа көрші вагондағы жолаушының жағдайы нашар болып тұрғанын және оған шұғыл медициналық көмек керек екенін айтып жүгінді.

Мерзімді әскери қызметкер қатардағы Абылайхан Убайдуллаев бірден көмекке ұмтылды. Әскер қатарына шақырылғанға дейін фельдшер мамандығы бойынша жедел медициналық жәрдем көрсету станциясында жұмыс істеген екен.

Әйел ес-түссіз жатты. Сапарластарының айтуынша, ол жүрек ауруына шағымданып, қысымды төмендететін таблеткаларды қабылдаған. Әр минуттың қымбат екенін түсінген Абылайхан жағдайды тез бағалап, алғашқы көмек көрсетуге кірісіп кетіпті. Жақын станцияға жетісімен науқас одан әрі ауруханаға жатқызу үшін жедел жәрдемнің дәрігеріне тапсырылды.

- Білікті алғашқы көмектің арқасында қазір науқастың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, денсаулығы қанағаттанарлық. Біздің «погон таққан әріптесімізге» әскери қызметін сәтті жалғастыруын тілейміз, - деп пікір білдірді Мақат кентінің орталық аудандық ауруханасының невропатологы Жалғасбай Рүстем.

«Пойызда талмаға шалдықтым. Сарбаздың дәл осы сәтте жанымнан табылғанына өте қуаныштымын. Сол сәтте ақ алғысымды білдіргім келген еді, тек үлгермедім. Көрсеткен көмегі үшін үлкен рахмет айтамын және әскери қызметіне сәттілік тілеймін!», - деп Өзбекстан азаматы Бибігүл Тілеуованың өзі ризашылығын білдірді.

Шекара қызметі Департаментінің басшылығы сарбаздың анасы Гүлбаршын Басановаға нағыз азаматқа лайықты қасиеттерді бойына жиған батыл ұлды тәрбиелегені үшін алғыс хат табыс етті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521