Қарттарым – асыл қазынам

(0 Votes)

Халықаралық қарттар мен Атырау қаласының күніне орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Қарттарым – асыл қазынам» атты сазды бағдарлама өтті. Оған өнерге таласы бар 61-75 жас аралығындағы өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

  Кішіні қамқорлап, үлкенді сыйлай білген дана халқымыз қай кезден ұрпағына ұлылығын ұялата білген. Дүйім ел мен бір қауымға бас-көз болған қарттардың орны әрқашан төрден екені де даусыз. Осындай аузы дуалы қарттарымыз өнерден өрге шығып, оны көпшілікке паш етемін десе, қандай ғанибет.

Киелі сахна төріне шыққан қай орындаушы да өзінің әуезді үнімен көрерменін бірден баурап әкетті. Олар халық арасына кең тараған әрі зор сұранысқа ие әндерді тамылжыта орындады. Атап айтсақ, «Бауыр керек», «Ақ бантик», «Армандастар», «Ағаларым», «Қайықта», «Нурикамал», «Атамекен» және басқалары.

– Әр адамның ән таңдаудағы ерекшелігі мен өнерге деген құрметі әрқалай. Неге екенін қайдам, өзіме «Мимино» кинофильміндегі Вахтанг Кикабидзе орындаған ән сондай ұнайды. Сөзі ептеп қиындау болғанына қарамастан, грузин тіліндегі осы әнді барымша орындап шықтым. Байқаймын, көрермендер риза болған секілді, - дейді байырғы мұнайшы, бүгінде 66 жастағы зейнеткер Руслан Дүйсебаев.

Сазды бағдарламаға қатысып, ән-жырдан шашу шашқан үлкендерді Атырау қаласы әкімінің атынан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Құралай Құмарова Алғыс хатпен марапаттап, ақжарма тілегін арнады.

Лиза СЕЙТІМОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521