«Ардагерлер туралы» заңнан не күтеміз?

(0 Votes)

Ежелден жасы үлкен адамды сыйлау, қарияларға құрметпен қарау қастерлі ата дәстүріміз ретінде жалғасып келе жат­қан елімізде, әсіресе Екінші дүние­­жүзілік соғысқа қатысып, қан майдан­нан аман оралған ардагерлерге ба­­рынша әлеуметтік қолдау көрсе­­тілуде.

Ұлы Отан соғысына қатысқан және мүгедегі мәрте­белеріне ие майдангерлердің барлық мәселесі «Ар­дагерлер туралы» заңды қабылдамай-ақ оңынан шешілген деп айтуға болады.

Өйткені Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев фашистік бас­қыншылардан ел бостандығын қор­ғап қалған жеңімпаз ұрпақтың өшпес ерлігін ешқашан ұмытуға болмай­тын­дығын әрдайым қадай айтып, соғыс ардагерлеріне қолдан келгенінше қам­қорлық жасау міндетін қойғаны мәлім. Осы мақсатпен «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» заң қабылданған.

Бүгінгі Мемлекет басшысы, майдангер жазушының ұлы Қасым-Жомарт Тоқаев та ардагерлер қауымын айрықша ардақ тұтатындығы анық. Соның айға­ғын­дай, ел Президенті былтыр күзде Парла­мент Мәжілісінің депутаты, «Арда­герлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Із­мұхам­бетовті қабылдап, Екінші дүние­жүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдық мерекесіне әзірлік барысымен танысып, аға ұрпақ өкілдері көптен күтіп жүрген «Ардагерлер туралы» заңды тиянақты дайындауды тапсырған болатын. «Ардагерлер туралы» заңның алғаш­қы жобасын Парламенттің бір топ депутаты осыдан 14 жыл бұрын әзірлеген еді. Алайда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты бұл заң жобасы кейінге қалдырылып келген болатын. Енді, міне, Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет депутаттармен бірлесіп әзірлеген заң жобасын Парламенттің қос палатасы да қолдап, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін заң жарияланды.

Бұл заңның мақсаты – қосымша әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылатын ардагерлер санатын айқындау, соның ішінде қай заманда болсын әскери антына адалдық танытып, басқа мемлекеттердің аумағында болған ұрыс қимылдарына қатысып, бас­тарын бәйгеге тіккен ардагерлерімізге қолдау көрсету, сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы кейбір олқы тұстарды түзету.

Заң арқылы ардагерлердің әлеу­мет­тік тұрғыдан қорғалатын 5 санаты ай­қындалып отыр. Олар – Ұлы Отан соғы­сының ардагерлері, басқа мем­лекеттердiң аумағында болған ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының арда­гер­леріне теңестірілген ардагерлер, ең­бек ардагерлері және осы заңның күші қолданылатын адамдардың басқа санаттары.

Ауғанстандағы және басқа да мем­лекеттердің аумағындағы ұрыс қимыл­дарына қатысқан әскери қызме­т­шілер ұрыс қимылдарының ардагерлері санатына жатқызылады. Осылайша 1986 жылы Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан 255 әскери қызметші, 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сыртқы шекарасының Тәжік-Ауған учаскесін күзетуде жауын­герлік міндет атқарған 9635 әскери қызметші, 2003 жылы Ирактағы ха­лық­аралық бітімгершілік операцияларына бітімгерші ретінде қатысқан 294 әске­ри қызметші алғаш рет әлеуметтік жеңіл­дік­термен қамтамасыз етіледі. Олардың жалпы саны – 10248 адам. Атап айтсақ, алдағы уақытта Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдармен қатар, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимыл­дарының ардагерлерін де көлік және мүлік салығынан, соттарда мемлекеттік баж тө­леуден, азаматтық хал актілерін тіркеу кезіндегі төлемнен, нотариаттық іс-әрекет­тер жасау және өзге де әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж төлеуден босату көз­деліп отыр.

Сон­дай-ақ оларға күнтізбелік жыл үшін 882 айлық есептік көрсеткіш мөлшерін­дегі стандартты салықтық шегерім қол­данылатын болады. Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің жаңадан енгізілген 4 санатына ай сайын 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 13 335 теңге жәрдемақы төленетін болады. Бұдан бөлек, 1988-1989 жылдары Чер­нобыль атом электр стансасындағы апат­тың зардаптарын жоюға қаты­сушыларға ай сайын­ғы мемлекеттік жәрдемақы екі есе көбей­­тіліп, 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөл­шер­ін­де, яғни 13 335 теңге болып белгілен­бекші. Сондай-ақ «Социалистік Еңбек Ері» атағына және үш дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендеріне ие болған адамдарға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері «Кеңес Одағының Батыры», «Халық Қа­һарманы» «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарын алған адамдардікімен теңес­тіріліп, 138,63 айлық есептік көрсет­кіш, яғни 385 115 теңге болып белгілен­бек­ші. Бұл әділ шешім деп ойлаймыз. Себе­бі бұған дейін Социалистік Ең­бек Ерле­рі мен үш дәрежелі «Еңбек даңқы» орден­дерінің толық иегерлері 9,60 айлық есептік көрсеткіш, немесе 26 668 теңге мөлшерінде ғана арнау­лы мемлекеттік жәрдемақы алып келді. «Egemen Qazaqstan» газетінде жазылғанындай, ерден ерд­ің несі кем?! Әрине заңда ардагерлердің барлық тобының мүдделері толық қамтылды деу қиын.

Бұл ретте Үкімет оны, «көрпесіне қарай көсіліп» дегендей, қазіргі дүние жүзі мен өз еліміздің басындағы қиын-қыстау кездегі қол­да бар қаржы мүмкіндігіне қарай қабылдағандығын айтқан жөн. Мәселен, заң жобасында еңбек ардагерлері санатына Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар жатқызылып отыр. Ал өзге еңбек ардагерлерінің және тылдағы қиындық пен ауыр еңбектің азабын тартқан «соғыс балаларының» мәртебелерін айқындау жөніндегі көптеген өтініштерді қарау ертеңгі күннің еншісіне қалдырылған. Бұл жөнінде Мәжіліс пен Сенат депутаттары тарапынан да заң жобасын әзірлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атына орынды сыни ескерт­пелер айтылды. Осыған орай, атал­ған министрлік басшылары алдағы уақыт­та тиісті сараптамалық-талдау жұмыс­тарын жүргізіп, заңнаманы одан әрі жетіл­діру шараларын қабылдауға уәде берді.

Кәрібай Мұсырман,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі

egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521