Аудандық оралықтандырылған кітапханада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Мерекеңмен, аяулы аналар» атты сыр-сұхбат кеші өтті. Шара әсем әуенмен басталып, «Әйел – нәзіктік, әйел – ұлылық» тақырыбындағы кітаптарға шолу назарға берілді.
Сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылған кеште медицина саласының ардагері Тамара Түсіпқалиева, ардақты ұстаз, білім саласының майталманы Маржан Мирасова, ұзақ жыл аудандық пошта торабында жемісті еңбек еткен Мария Мұхитова, «Амаnат» партиясы аудандық кеңсесінің кіші қызметкері Римма Мұстахишова, көпбалалы ана, «Күміс алқа иегері Динара Зинуллина өз өмір жолдары, жанұядағы жарастық, ұрпақ тәрбиесі бағытында әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, жүргізуші дайындаған есте қала қызықты жайттар жайлы сауалдарға жауап берді.
Шараның шырайын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тақырыптық әндермен келтіріп, кеш қонақтары құшақ биіне шақырылды. Көрермендерден кітапхананың тұрақты оқырманы Төлеп Шарипов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы көктемнің көрікті мейрамына орай ұйымдастырылған кештің тағылымы зор екенін айтты.
Соңында аудандық оралықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусина қатысқандарға үлкен ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушылар атынан ескерткіш сыйлықтар табыстады.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ