АМӨЗ-де Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған сайыс қорытындыланды

(0 Votes)

Атырау мұнай өңдеу зауытында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай дәстүрлі сайыс өтті.

Зауыттықтардың практикалық және теориялық білімдерін қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің инженерлерінен құралған арнайы комиссия бағалады. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы күні өндіріс жұмысшылары жеке-жеке тест сұрақтарына жауап беріп, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау бойынша өз білімдерін тексерді. Тестілеуге қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Екінші кезеңде командаларға біріккен зауыттықтар еңбекті қорғау тақырыбына арналған сөзжұмбақтар шешіп, ситуациялық суреттердегі қауіпсіздік техникасының бұзылу санын анықтады. Кейін өз беттерінше Қазмұнайгаздың алтын ережелерін жатқа жазып, жеке қорғау құралдарын қолдану алгоритмін көрсетті.

Екінші кезең қорытындысы бойынша командалық сайыста орталық зауыт лабораториясының өкілдері жеңіске жетті. Кокс және күкірт өндірісі мен гидрогенизациялық процестер өндірісінің командалары сәйкесінше екінші және үшінші орындарды иеленді.

Жеке сында жүлделі орындар келесідегідей бөлінді:

1 орын - гидрогенизациялық процестер өндірісінің операторы Бексұлтан Дүйсенғұл,

2 орын - кокс және күкірт өндірісінің операторы Валерий Бочков,

3 орын – мұнайды терең өңдеу өндірісінің операторы – Ардақ Сабыров.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен АМӨЗ-дің кәсіподақ ұйымы атынан ақшалай сыйақы табысталды. Белсенді қатысушылар ынталандыру сыйлықтарын иеленді. АМӨЗ-де Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған сайыс жыл сайын өткізіледі. Іс-шара зауыттықтардың назарын жұмыс орнында қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығына аударуға бағытталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT