Алматы түні: тұрғындардың зәресі ұшып, күштік құрылымдар тікесінен тік тұрды

Фото: Kazinform
(0 Votes)

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстен мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды.

Энергетикалық санаты – 15.1. MPV тербелісі – 6.7. Тереңдігі – 65 км.

Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде (MSK-64 шкаласы бойынша) сезілді.

Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйінен көшеге, далаға шықты.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне жер сілкінісі кезінде ғимараттардың қирағаны және адамдардың зардап шеккені туралы ақпарат түскен жоқ.

«Ғимараттардың қирауы мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Тыныштық сақтауларыңызды сұраймыз. Қауіпсіздік мақсатында келесі ескертуге дейін далаға шығу керек», - деді Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев. 

Мегаполисте дереу барлық жиналу нүктесі ашылды. Барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналасқан. Іздеу кезінде «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» деп терсеңіз, картадан халық жиналатын орындар көрсетіледі. Мұндай деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайтында қолжетімді.

Алматы қалалық полиция департаменті атап өткендей, патрульдік полицияның саны ұлғайтылып, учаскелік инспекторларының тұрғын үйлерді аралауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары азаматтарды үйлерінің есігін кілттеп жабуға шақырады.

Шаһардағы сейсмикалық жағдайға байланысты, Ерболат Досаев жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді. Онда мамандар іс-қимыл жоспарын талқылады.

Алматы тұрғындары қатты жер сілкінісінен кейін, қаладан жаппай кете бастады. Көшелерде үлкен кептеліс пайда болып, жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Сондай-ақ, такси бағасы бір сапар үшін 5 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін көтерілді.

Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайды деп сендірді.

«Алматының тұрғындары мен қонақтарын жақын арада жойқын жер сілкінісі күтілмейтініне сендіргім келеді. Бүгін болған сейсмикалық оқиға ҚХР мен Қырғызстан Республикасының аумағында болды. Алматы мен Алматы облысының тұрғындары, Жетісу облысының бір бөлігінде сезілген сілкіністер «афтершок» болып табылады. Орталық Азияның барлық дерлік елдері сейсмикалық оқиғаны сезінді. Қазіргі уақытта 10-нан астам афтершок тіркелді, оның ішінде Алматы тұрғындары 2 афтершокты сезінді. Байбаламға салынудың ешқандай себебі жоқ», - деді ол.

Әлеуметтік желілерде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханалары қирады деген ақпарат шықты.

Алматыдағы студенттік жатақханаларда жағдай тұрақты екенін Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі, әуежай штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, әуе көліктерін қондыруға және ұшыруға ешқандай шектеулер жоқ екенін жеткізді.

Оңтүстік астанада қоғамдық тәртіпті 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері қамтамасыз етуде. Патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел бөлімшелер қызметтің күшейтілген режиміне ауыстырылды. Тергеу-жедел топтары күшейтілді.

«Алматыда жедел жағдай тұрақты, қылмыстың өршуі байқалмайды. Азаматтар арасында түсіндірме жұмыстары күшейтіліп, өз мүліктерінің сақталуын қамтамасыз ету жайында айтылды. Тонау деректері тіркелген жоқ», - деп хабарлады ведомстводан.

Қазіргі уақытта мегаполисте жағдай тұрақты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT