Ақсақалдар институты – дәстүрдің алтын діңгегі

(0 Votes)

Қазақ қоғамында ақсақал – тек жасы үлкен адам емес. Ол – елге ақыл айтқан, қоғамда бірлік пен келісімді сақтаған, өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар берген рухани көшбасшы. Халқымыздың бірегей болмысы, салт-дәстүрі мен адамгершілік құндылықтары дәл осы ақсақалдар институты арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымындағы Ақсақалдар кеңесі – халық пен билік арасындағы сенімді диалогты қамтамасыз етіп, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға тұрақты түрде үлес қосып келе жатқан маңызды қоғамдық институт.

Бүгінгі жаһандану, ақпараттық ашықтық пен технологиялық даму кезеңінде жастардың дүниетанымы мен құндылықтық бағдарлары айтарлықтай өзгеріп отыр. Мұндай жағдайда жастардың рухани иммунитетін қалыптастыру, ұлттық болмысын сақтап қалу, елжандылық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру – аса өзекті міндет. 

Осы орайда ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі мен парасатты сөзі – қоғам үшін баға жетпес рухани күш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Ассамблеяның еліміздің саяси жүйесіндегі орны айқындалып, алдағы кезеңдегі басым міндеттері мен жұмыс бағыттары нақтыланды.
Сессия барысында Ассамблеяның заңнамалық бастамаларға ҚР Парламентіндегі өкілдігі арқылы тікелей қатысуына, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарды жаңа деңгейде жүзеге асыруына кең мүмкіндіктер берілгені аталып өтті. Президент Ассамблеяның ел бірлігін нығайтудағы рөлін ерекше атап, барлық мемлекеттік органдардың осы құрылыммен жүйелі түрде бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін баса айтты. 

Сонымен қатар Ақсақалдар, Аналар және Жастар кеңестерінің қызметін күшейту – заман талабы екені нақты көрсетілді.
Осы бағытта өңірде бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. «Адал Азамат» республикалық жобасы аясында Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, жобаның негізгі бағыттары таныстырылды. 

Сондай-ақ жобаның басымдықтары қала аумағындағы арнаулы орта білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарына бағытталып, оқытушылар мен студенттерге арналған дәрістерде «Жұмысшы мамандықтар жылы» кеңінен насихатталуда.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру мақсатында Ақсақалдар мен Аналар кеңестері бірлесіп, өңіріміздегі ірі кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен мазмұнды кездесулер өткізді. Бұл — жастарды адал еңбекке, кәсіби жауапкершілікке баулудың нақты көрінісі.

Ел игілігіне бағытталған бұл жұмыстар алдағы жылы да жүйелі түрде жалғасын табады. 2025 жылы Ақсақалдар кеңесінің қызметін идеологиялық және патриоттық негізде ұйымдастыру – қоғамдағы рухани тұрақтылық пен ұлттық бірегейлікті нығайтудың тиімді тетігі болмақ.

Бұл бағыт Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық мақсаттарына толық сай келеді әрі Ассамблеяның 30 жылдық идеялық сабақтастығын жалғастырады. Сонымен қатар алдағы жылдарға арналған басымдықтарды айқындап, Ассамблея тұжырымдамасына енгізілетін нақты міндеттерді белгілеу – ортақ жауапкершілігіміз.

Алдымызда тұрған басты мақсат – әрбір азаматтың елге деген отаншылдық сезімін арттырып, қоғамдағы бірлік пен келісімді одан әрі нығайту.

Ел ішіндегі бейбіт өмір мен тұрақтылық – бәрімізге ортақ құндылық.
Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тұрақты болсын!

Кеңес Қосыбаев,
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT