Қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан (ЖИТС/СПИД) көз жұмғандарды еске алу күні атап өтіледі.
Халықаралық еске алу күнінің басты мақсаты – қоғам назарын адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясының таралуы және АИТВ жұқтырғандарды әлеуметтік қорғау мәселесіне аудару. Атырау облысында 2023 жылдың 4 айында АИТВ инфекциясын жұқтырған 17 адам анықталды, 2022 жылы 4 айда – 25 адам тіркелген болатын.
Облыстық ЖИТС орталығында АИТВ инфекциясын жұқтырған 328 адам диспансерлік есепте тұр. Облыста алғаш АИТВ анықталған 1993 жылдан бастап 13 адам ЖИТС-тен көз жұмған. ХХ ғасырда АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласып, дүние жүзінде көптеген жандарға қасірет әкелсе, қазіргі таңда заманауи дәрі-дәрмектердің арқасында уақытында анықталып, үздіксіз ем алған адамдардың сапалы ұзақ өмірін сақтап қалуға толық мүмкіндік бар.
Атырау облысы бойынша АИТВ инфекциясына тексерілу тегін, ол үшін облыстық ЖИТС орталығына немесе жергілікті емханаға барып қан тапсыру (анонимді түрде де болады) қажет.
ЖИТС орталығының сенім телефоны: 21-11-03.
Атырау облыстық ЖИТС пен күрес және алдын алу орталығының баспасөз қызметі