2024 жылға дейін облыста телевизиялық хабар тарату толықтай цифрлық жүйеге көшіріледі

(0 Votes)

ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрінің бұйрығы бойынша 31 тамыз күні Атырау облысында аналогты телевизия ресми түрде өшіріледі. Бұл туралы облыстық телерадиохабар тарату дирекциясының бас инженері Досжан Хайрулин мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Енді облыс тұрғындарына кескіні мен дыбысының сапасы жоғары отандық 24 телеарна цифрлық жүйеде тегін қолжетімді болмақ.

 - Аналогты хабар тарату телевизия пайда болғаннан бері қолданылып келеді. Онда сигнал үздіксіз диапазонда өзгеріп тұрады әрі сыртқы әсерлерге сезімтал болады. Нәтижесінде кескін барлық жағынан бұрмалануы мүмкін. Сигнал өте алыс қашықтыққа берілсе, оның сапасы жоғалады, ал ТВ аналогты пішімде кескін мен дыбыстың арнаулы эффектілерін толық жеткізе алмайды. Ал цифрлық сигнал кедергіге төзімді және телекөрермендерге, тіпті ең алыс елді мекендерге өзінің бастапқы түрінде жетеді, деді Д.Хайруллин.

Цифрлық телевизияның көптеген мүмкіндіктері мен қызметтері бар. Атап айтқанда арналардың саны, сурет пен дыбыстың үздік сапасы, электрондық пошта, мультимедиялық қосымшалар, радио, батырманы бір басу арқылы экранға шығатын электрондық хабарлар бағдарламасы, субтитр тілін таңдау және басқа да көптеген жаңашылдығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар Атырау облыстық телерадиохабар тарату дирекциясының бас маманы Айгүл Досанова облыс тұрғындарына цифрға көшуді ұсына отырып, жүйеге қосылу жолын түсіндірді.

- Оған қосылу үшін теледидар DVB-T2 цифрлық хабар тарату стандартына сай келетініне көз жеткізу керек. Егер сәйкес болса, тек дециметрлік антеннаны ғана қосу керек. Ал ескі теледидарлар, әдетте, DVB-T2 стандартын қолдамайды, сондықтан цифрлық сигнал қабылдағыш сатып алу қажет болады. Оның бағасы шамамен 4500-5000 теңге тұрады, деді А.Досанова.

Өңір бойынша 180 елді мекеннің 106-ы сандық эфирлік хабар таратумен қамтылған. Ал қалған 74 елді мекенді қамту 2024 жылға дейін жоспарлы түрде жүзеге асады. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алатын 794 отбасы анықталып, оларға жергілікті бюджеттен телевизия қабылдағыштар сатып алуға қаражат бөлінген. Оның ішінде 641 отбасы телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтылған. Биыл қалған 152 отбасын толықтай қамту мақсатында жауапты мамандар тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521