Тараз қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының «Ауыл төрге шықсын!» атты ауыл тұрғындары мен кооперативтерінің республикалық слеті өтті.
Жиынға партия төрағасы Әли Бектаев, Парламент Мәжілісінің, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттығына партиялық тізім және бірмандатты округтер бойынша сайлауға түсетін кандидаттар, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен ауыл тұрғындары қатысты. Осылайша, «Ауыл» партиясының үгіт-насихат жұмысы республика кооперативтердің слетінен басталды. Саяси доданың алғашқы жұмыстарының Жамбыл өңірінде тұсауы кесілуінің өзіндік сыры бар. Партия бағдарламасының, ұстанымының негізі ауылды қолдау, дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселесін шешу екені баршаға аян. Аталған мәселелерді шешудің бір жолы – ауыл кооперативтерін дамыту. Бұл ретте Президенттің тапсырмасымен Жамбыл облысында іске асқан кооперативтік үлгі – Қазақстандағы үздіктердің қатарында. Жамбылдық кооперативтер айналасы екі-үш жыл ішінде бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді. – «Ауыл» партиясының Парламент Мәжілісі төріндегі алғашқы бастамасы ауыл шаруашылығы өнімін, шикізатын, азық-түлік тауарларын өндірушілер мен бастапқы және терең қайта өңдеу кәсіпорындары үшін салықтардың барлық түрін (әлеуметтік аударымдардан басқа) толық жою екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ фермерлер мен кооперативтерді ауыл шаруашылығы өнімдерін сату мәселесі алаңдатпауға тиіс. Сондықтан партия бірінші кезекте квазимемлекеттік сектор ұйымдары тарапынан кепілді сатып алу және өткізу жүйесін құруға қол жеткізеді, – деді партия төрағасы Ә.Бектаев. Партия төрағасы «Ауыл» партиясының ауылдықтарға ғана емес, қалалықтарға да ұсынатын көптеген бағыты бар екенін атап өтті.
– Қуатты ауыл – елдің сенімді тірегі. Азық-түлік бағасы сөрелерде ғана өседі. Біз азық-түлік нарығынан артық делдалдарды ығыстыру үшін бар күшімізді саламыз. Егістікте өсірілген және қайта өңдеу кәсіпорындарында өндірілген өнімдер тікелей сөрелерге түсуі керек. Фермерлерді ірі сауда орталықтарына мүмкіндігінше жақындатамыз, – деді партия төрағасы.