Алматы қаласында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Тауар сатылымға делдалсыз шығуы керек» деген ұранмен митинг өтті. Митингке партиядан Мәжіліс және жергілікті мәслихатқа үміткерлер, партия белсенділері және фермерлер қатысты.
«Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңда өткен митингке ауыл шаруашылығы мен делдалсыз сауданы қолдау мақсатында 100-ден астам адам плакаттармен жиналды. Митингке қатысушылар мен қала тұрғындарының алдында сөз сөйлеген «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары және Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Анас Баққожаев өз өнімдерін сату барысында фермерлер кездесетін қиындық туралы сөз қозғады.
«Қазір қарапайым адамның, фермердің, тракторшының, ауыл жұмысшысының еңбегі құнсызданып кеткен. Ауыл адамдарының өнімдері 20 миллион халықты қамтып отыр. Әрбір фермер мал өсірудің, жеке үй шаруашылығымен айналысудың қаншалықты қиын екенін біледі. Сонда да етті сатушыларға делдалсыз сата алмайды. Қазір бәрі біз бүгінде нарықтық экономикада екенімізді айтады. Олай болса, әр өндіруші өз өнімінің иесі болуы керек», деп атап өтті кандидат.
Митингте сөз алған фермерлер мысал ретінде пияздың бағасын келтірді. Олардың айтуынша, 1 кг пияз өндірісінің өз бағасы 18 теңгені құрайды, фермер оны 30 теңгеге сатады, ол қаладағы сөрелерге жеткенде 300 теңге тұрады. Осының бәрі делдалдардың көптігінен болып отыр.
Партия төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында бұл мәселе ерекше маңызды орын алғанын айтты.
«Біз азық-түлік нарығынан артық делдалдарды заңнамалық негізде ығыстыру үшін бар күшімізді саламыз. Егістікте өсірілген және қайта өңдеу кәсіпорындарында өндірілген өнімдер тікелей сөрелерге түсуі керек. Фермерлерді ірі сауда орталықтарына мүмкіндігінше жақындату қажет. Біз еліміздің аграрлық болашағына сенеміз. Біз үшін ауыл әрқашан басымдыққа ие», деп Жигули Дайрабаев сөзін қорытындылады.Іс-шара аясында «Ауыл» партиясының өкілдері мен олардың жақтастары үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қала тұрғындарына «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасының бағыттарын түсіндірді.