Жұмыла көтерген жүк жеңіл

(0 Votes)

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында бірқатар мәселелер қозғалған.

Мемлекет басшысының сөзінен өткен жыл еліміз үшін жайлы болғанын көреміз. Экономикамыз 6 пайыздан астам өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асқан.

Бүгінгідей заманда бұл жақсы көрсеткіш. Жасалған жұмыстың жемісі. Сұхбатта Президентіміз «бізде бәрі жүз пайыз керемет» демей, өзіне тән ашықтықпен инфляцияның деңгейі жоғары болып отырғанын да жасырмады.

«Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек. Азаматтарымызға зияны тимеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру әкімшілік тәсілдер арқылы уақытша тоқтатылды. Сонымен бірге, Үкіметке бюджет қаржысын барынша тиімді пайдалану міндеті жүктелді», дейді, Қасым-Жомарт Кемелұлы.

 Тарифтерді қыс мезгілінде өсіруді тоқтату халыққа жасалған үлкен қолдау. Қыста электр жарығын, газды, суды ақшасын төлемеді деп кесіп тастаса ол халыққа оңай тимейді. Мемлекет экономикаға ақшаны құя алады. Ол Мемлекет басшысы айтқандай инфляцияны күшейтіп жібереді. Теңге одан сайын құнсыздана түсетіні анық. Баға тым шарықтап кетсе, төлемдерді де соған сай көтеру қажеттігі туындайды. Бұл бюджетке оңайға соқпайды. Сол себепті аталған сұхбатта қатаң бюджеттік тәртіп керектігі, қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиістігі нақтыланды. Нарықтық экономикада инфляция болмай тұрмайды.

Президентіміз шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отырғанын алға тартып, Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аудару туралы тапсырма берілгенін жеткізді. Бұған дейін де шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру мәселесі көтеріліп келді. Тиімділігі де сөз етілді. Бірақ, ауданымызда әлі де оң шешімін таба қойған жоқ. Соған қарағанда бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жалғастыра түскен орынды болар еді. Кооперативтің несі жаман? Бірігіп жоспар жасап, қолда бар техниканы тиімді пайдалануға болады. Өзіңізге қажеттісін ақша шығарып сатып алғанша, оған жұмсайтын қаржыны үнемдеп, шаруаңызға бірлестіктің техникасын қолдана қоясыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, шаруа қожалықтары осы төңіректе ойланып, саралағандары дұрыс шығар.

«Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр», дейді Мемлекет басшысы. Жалпы сұхбатта көп нәрселер қамтылып, заман ағымы көрініс берген. Президентіміз бәрі де еліміздің дамуы, игілігі үшін жасалып жатқанын, тындырылған шаруа да, істелетін жұмыстар да бар екенін жеткізіп отыр. «Көл тамшыдан құралады», дегендей, ортақ шаруаға үлес қосу әрбір қазақстандық азаматтың парызы.

Зәмзагүл Карсакова,

Атырау облыстық мәслихатының депутаты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT