Құрылтайда сөз болған тағы бір өзекті тақырып – Ата Заңымызда түбегейлі өзгерістердің орын алатындығы. Талқыдан өкен жаңара түсетін Конституция жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз тарапынан қолдау тапқан жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілетін болады. «Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді.
Алайда, жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым» деген Президент аталған комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері сияқты жүзден астам білікті мамандар кіретінін, оның жұмысына Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік жасайтынын мәлімдеді. Комиссиямен барлық ұсыныстар сарапталып, ортақ келісімге келудің нәтижесінде нақты өзгерістердің жобасы әзірленеді. Содан кейін жалпыхалықтық референдум өтетін уақыт белгіленеді. Ұлттық құрылтайда айтылған ойлар реформалардың тек құрылымдық емес, идеялық және мазмұндық жаңғыру екенін көрсетті. Конституциялық және Парламенттік өзгерістер азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, жауапты қоғам қалыптастыруға бағытталып отыр деуге негіз бар. Бұл – Қазақстанның саяси жаңғыру жолындағы жүйелі қадамдарының айқын дәлелі.
Ұсынылып отырған тағы бір жаңашылдық – Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру, тиісінше ол редакцияланған жаңа Конституцияда көрініс беріп бекітіледі. Бұл лауазым Мемлекет басшысымен Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындалып, құзырет аясы белгіленеді. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ететін, қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатататын болады. Сондай-ақ Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді, оның басқа да тапсырмаларын орындайды. Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты негізгі ережелерді де Конституцияға енгізіледі. Осы орайда қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз етіп отырған аппараттық құрылымның бір бөлігі және Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Сәйкесінше Президент Әкімшілігінің міндеттері мен құрылымы реформаланады. Мұндай лауазым көптеген мемлекетте бар, тәуелсіздің алғашқы жылдарында Қазақстанда да болды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұсынған бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу сияқты мемлекеттік билік реформалары дамуымызға зор ықпалын тигізіп, елдің экономикасын, әлеуетін жақсарта түсері анық. Қорыта айтқанда, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген парламенттік және конституциялық реформаларға қатысты мәселелер халық арасында қолдау тауып, қабылданған өзгерістер елді әділетті, ашық және теңгерімді басқару моделіне жетелеп, демократиялық дамудың жаңа кезеңін бастайтын болады. Бұл – болашақ ұрпақ үшін берік құқықтық және саяси негіз қалдыратын тарихи бетбұрыс.
Айбек НӘЖІМОВ



