Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасының құрылымдық және мазмұндық жағы көңілге қонымды. Ел дамуына қажетті барлық жағдайлардың жиынтығы нақты берілген. Әсіресе «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімінің кеңейтілуі құқықтар мен міндеттердің өзара теңгерімділігін көрсетеді.
Өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке бас бостандығы мен қол сұғылмаушылық, кінәсіздік презумпциясының негізгі құқықтар деңгейіне көтерілуі, сондай-ақ цифрлық дәуірдегі жеке деректерді қорғау нормалары адамның қадір-қасиетін қорғауды құқықтық саясаттың өзегіне айналдырады.
Мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілген өзгерістер де саяси тұрақтылық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталып отыр. Президенттік республиканың нақты бекітілуі, бір реттік президенттік мерзім, вице-президент институтының енгізілуі, сондай-ақ Парламенттің Құрылтай ретінде қайта құрылуы билік тармақтары арасындағы өзара тепе-теңдікті жаңа форматта қалыптастырады.
Жаңа жоба қалыптасқан мемлекеттің жауапты, жетілген және болашаққа бағдарланған құқықтық жүйесін қалыптастыруға арналған кешенді құжат. Ол азамат пен мемлекет арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшартты айқындап, құқықтық сенімге, әділеттілікке және заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға берік негіз қалайды.
Батырбек БАЛТАЕВ,
еңбек ардагері, Бірлік ауылы



