Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси және институционалдық реформалар мемлекетті басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған.
Осы маңызды үдерістің заңды жалғасы ретінде Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова мен комиссия мүшелерін қабылдап, атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижелерімен танысты. Комиссияның он екі отырысы барысында жан-жақты талқыланған жаңа Ата заң жобасы азаматтар мен сарапшылардың ұсыныстары негізінде әзірленді. Жобаны дайындау барысында ашықтық пен қоғамдық қатысу қағидаттарына ерекше мән берілді. Былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік жасалып, eGov және e-Otinish цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Сонымен қатар Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының ұсыныстары да ескерілді. Бұл – жаңа Конституцияның шынайы халықтық сипатқа ие екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі болды. Конституциялық комиссияның отырыстары тікелей эфирде көрсетіліп, қоғамда ашық әрі мазмұнды талқылау өтті. Соның нәтижесінде елімізде жалпыұлттық деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Жаңа Конституция жобасы жекелеген түзетулер енгізілген құжат емес. Бұл – мемлекеттің институционалдық негізін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған, сапалық тұрғыдан жаңа конституциялық үлгі. Құжатта еліміздің одан әрі дамуына негіз болатын басты қағидаттар мен құндылықтар айқындалған. Жаңа Ата заң жобасы бойынша түпкілікті шешім 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумда қабылданады. Әрбір азаматқа ел болашағына қатысты маңызды таңдау жасауға қатысу мүмкіндігі беріліп отыр. Референдумның өткізілуі – ел тағдырына деген азаматтық жауапкершіліктің көрінісі болмақ. Бірлік пен ынтымақты сақтай отырып, эволюциялық жолмен даму – Қазақстанның басты ұстанымы болып айқындалды.
Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтеді деген сенімдеміз.
Ардақты ағайын! Алдағы республикалық референдум – ел болашағын айқындайтын тарихи шешім болмақ. Ата заңның негізгі өзегі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, билік тармақтарының теңгерімін күшейту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру болып отыр. Бұл қағидаттар «AMANAT» партиясының бағдарламалық мақсаттарымен толық үндеседі. Сондықтан партия референдумды ел дамуы үшін маңызды саяси науқан ретінде қарастырады. Еліміздегі ең ықпалды саяси күш ретінде «AMANAT» партиясы бұл үдеріске белсенді қатысып, жаңа Конституцияны қолдау арқылы Қазақстанның тұрақты дамуына, әділетті қоғам қалыптастыруға және әр азаматтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосады. Еліміздің болашағы – әрқайсымыздың қолымызда. Сондықтан алдағы референдумда белсенділік танытып, ел дамуына азаматтық үлесімізді қосуға шақырамын!
Ерлан Хисметуллин, «AMANAT» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының төрағасы



