Ұлттық құрылтай алаңында еліміздің рухани-мәдени мұрасын сақтау және дамыту мәселесі кеңінен қозғалды. Мемлекет тарапынан театрлар мен кітапханалар салу, мәдени ошақтарды жөндеу – ұлттың рухани іргесін бекемдеуге бағытталған жүйелі жұмыс.
Қызылордада жаңа драма театры мен заманауи кітапхана салу бастамасы – өңірлік мәдениетті жандандырудың айқын дәлелі. Сондай-ақ, Қазақстанның тарихи құндылықтарын халықаралық деңгейде танытуға басымдық берілуде. «Хандар шежіресінің» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енуі – ұлттық тарихтың жаһандық мойындалуы. Алдағы уақытта Маңғыстаудың жерасты мешіттерін дүниежүзілік мұра тізіміне қосу мәселесінің қаралуы – осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы. Ұлттық құрылтайда айтылғандай, бай тарихи орындар мен киелі нысандар – халқымыздың ғасырлық шежіресінің тірі куәсі. Жаркент мешіті мен Вознесенск кафедралды шіркеуі татулық пен бірліктің символы ретінде елдік құндылықтарды айқындайды. Осындай бастамалар ұлттық мұраны сақтаумен қатар, оны болашақ ұрпаққа лайықты түрде жеткізуге жол ашады



