Ұлттық құрылтайда көтерілген мәдениет пен өнер мәселесі – ел дамуының стратегиялық бағыты екені анық байқалды. Мемлекет басшысы қоғам санасы жаңармай, жүйелі реформалардың толық нәтижеге жетпейтінін атап өтті.
Осы тұрғыда театрлар мен мәдени нысандардың салынуы мен жаңғыртылуы – рухани саясаттың нақты көрінісі. Алматы, Абай, Ақтөбе облыстарындағы жаңа театрлар, Шымкенттегі опера және балет театры – ұлттық мәдениеттің жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді. Сонымен қатар, музей ісін дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Қызылордада ашылған заманауи тарихи-өлкетану музейі – өңірлік мәдениетті жаңаша форматта ұсынудың үлгісі. Мұндай орталықтар тек өткенді сақтаумен шектелмей, жастарға тарихты танудың жаңа мүмкіндігін береді. Бұл тәжірибені басқа аймақтарда да кеңінен енгізу – ұлттық сананы күшейтудің маңызды тетігі. Ұлттық құрылтайда жастардың рөлі де айқын атап өтілді. Жас буынның креативті индустрияға қосып жатқан үлесі, қазақ өнерінің әлемдік деңгейде танылуы – ел өрлеуінің белгісі. Ұлттық бірегейлікті өнер арқылы дәріптеу, тарихи мұраларды халықаралық деңгейде таныту – алдағы уақыттағы басты міндеттердің бірі болып қала береді.



