Сыр елінде өткен бесінші құрылтайда келелі дүниелер көп айтылды, олардың кезең-кезеңімен жүзеге асатынына да күмән жоқ. Бір палаталы Парламентке көшу бастамасы халықтан қолдау тауып отырғанын айтқан Президент оның қандай болатыны, қалай аталатыны, неше депутаттан тұратыны, қалай жұмыс істейтіні бағытындағы өз ұсыныстарымен бөлісті.
Алдымен заң шығарушы органға Құрылтай деген атауды беруді қош көретінін мәлімдеді. Оны мынадай жағдайлармен түсіндірді. «Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын» деді. Депутаттар санына келгенде біраз қарама-қайшылықтар болғанымен, негізгі мақсат – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру екеніне, мәселе – санда емес, сапада болу қажеттігіне, бастысы Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиістілігіне басым бағыт бергенін назарға берді. Жаңа заң шығарушы органда мандат саны 145 болуы керек деген байламға келгенін, ондатөрағаның үш орынбасары болуы мүмкіндігін, комитеттер саны сегізден аспауы керектігін жариялады.
Қазақстан Парламенті алдағы уақытта Құрылтай деп аталатын болса қазіргі консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық құрылтайдың осы күйінде қала бермейтіні өзінен-өзі түсінікті жайт. Осы орайда Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталғанын айтып, оларды біріктіріп, жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынды. «Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге, Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді. Қазақстанның Халық Кеңесі мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады» деп, жаңа органға заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілетінін, жылына кемінде бір рет сессиясы шақырылатынын, бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметті жалғастыратынын қаперге берді.Осылардың негізінде мемлекет пен халық арасындағы сенім нығайып, елдің дамуына қатысты шешімдерге азаматтардың тікелей қатысуы кеңейетінінен хабардар етті.
Төкестаева Гаухария,
мәдениет саласының ардагері



