Келісіп пішкен тон келте болмас

(0 Votes)

Кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұратын жаңа Конституциямыз заман талабына сай қызмет ететін әмбебап заңға айналғалы тұр. «Келісіп пішкен тон келте болмас», дегендей, оның жобасы халықтың назарына ұсынылды. Әлеуметтік желіден оқып танысып жатырмыз.

Ата заңымыздың жаңа жобасының алтыншы бөлімінің 70 және 71 баптары Қазақстан Халық кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді. Оны құруды Мемлекет басшысы көтерген болатын. «Халық кеңесі жаңа мемлекеттік орган болады. Оған барлық этнос, халық топтары мен аймақтар кіреді. Қазақстанның халық кеңесі жоғары консультативтік орган дәрежесін иеленеді. Ал кеңестің құрамын 126 адамнан жасақтау ұсынылып отыр. Сонымен қатар Халық кеңесі заңнамалық бастамаларды көтеру құқығына ие болуы керек. Бұл – маңызды мәселе. Әрине, ондай құзірет кеңестің мәртебесін күшейтеді», – деген еді Президентіміз  ұлттық құрылтайдың отырысында.

Аталған  кеңестің құрамына этно-мәдени бірлестіктерден – 42, ірі қоғамдық ұйымдардан – 42 адам, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден – 42 адам кіреді. Оның мүшелерін Мемлекет басшысы тағайындайды. Олар өз кезегінде кеңес төрағасын сайлайды. Төрағаның екі орынбасары болады.  Халық кеңесі ұлтаралық келісім мәселелеріне де жауап береді, жалпыұлттық диалогты қамтамасыз етеді. Бұған қоса халықтың бірлігіне ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қамтиды. Конституцияның 71-ші бабында Қазақстан Халық кеңесінің мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттарын, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайтумен айналысатыны айтылған. 
Бірақ, Халық кеңесі бізге мәлім классикалық өкілді органнан да, кәдімгі қоғамдық кеңестен де өзгеше болады. Оның басты ерекшелігі – жалпыұлттық деңгейдегі саяси-сараптамалық платформа ретінде жұмыс істейтіндігінде. Яғни бұл институт бір жағынан халықтың үнін еститін, екінші жағынан стратегиялық шешім¬дерге ықпал ете алатын аралық буын рөлін атқарады. Негізі бұл институттың ықпа¬лы оның билікті бақылауында емес, билікті жауапкершілікке ынталандыруда ашыла түседі. Мұнда қоғамдық пікір белгілі бір ортада не әлеуметтік желідегі эмоциялық реакция деңгейінде қалып қоймай, нақты жауапты мінберлерде көтеріледі. Бұл әсіресе өңірлерде азаматтық белсенділікті арттырып, халықтың саяси мәде¬ниетін жаңа деңгейге көтеруге де септеседі. Алайда маңызды тұсы, ол жедел саяси реакциядан гөрі терең сараптама мен болашақты болжауға негізделген шешімдерді ұсынатын органға айналуы керек.

Қанат Ғұмарова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT