Мемлекетіміздің зайырлы дамуын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы Конституциямызға өзгерістер енгізу жөніндегі шешім дер кезінде қолға алынған деп айта аламын. Өйткені қазіргі күрделі жағдайда біздің әрбір ісіміз Конституциямен реттеліп, халықаралық дамуда орын алатындай болуы керек. Мұны Президентіміз де айтты, соны өзім қолдаймын және кейбір баптарға ризашылығымды айтып кеткім келеді.
Ең бірінші айтайын дегенім, адамдардың құқықтарын қорғап, сөз бостандығын берумен қатар әр сөзге жауапкершілікті арттыру жөніндегі қағида өте орынды алынған. Өйткені осы күнде өзінің аузына, ойына келгенді есепсіз, негізсіз айтып халық арасында біртүрлі ыңғайсыз жағдайлар туғызып жүргендер бар. Енді осы Конституция негізінде ондайға жол берілмейтінін мен құптаймын. Екіншісі – табиғатты қорғау, жер, су мәселесі. Табиғат тек қана біздің бүгін пайдаланатынымыз емес, бұл ұзақ жылғы мемлекеттің, қазақ елінің негізгі капиталы. Осыны қорғаудың негізін біз салуымыз керек. Орынсыз пайдаланып тоздыруға, аздыруға жол бермей байлығын арттыруға міндетті екеніміз айқын болып отыр. Бұл да Конституциядағы жақсы тұс деп есептеймін.
Тағы бір мәселе – меншік. Мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің екеуі де тең қорғалады. Мұны еліміздің экономикасын дамытуға, бүкіл халық болып еңбек ететін салтқа ынталандыратын бағыт деп санаймын. Себебі адам өз меншігінің Конституция арқылы қорғалатынына сенімді, сондықтан алаңсыз жұмыс жасайды. Бұл да өте орынды мәселе деп есептеймін. Айта берсек жақсы тұстары көп, халық оған өзінің пікірін білдіріп жатыр ғой. Енді тіл мәселесі барша жұртқа ортақ, оған соқпай кетуге болмайды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып қалып, орыс тілі тек мемлекеттік мекемелерде ғана қатар қолданылатыны атап көрсетілді. Жалпы тіліміз өз орнын тауып қазіргі талапқа сай қойылғанына мен қатты ризашылық білдіремін. Бұл Конституциямызға өзгеріс біздің еліміздің дамуында жетекші орын алады деп есептеймін.
Өмірзақ Қажымғалиев,
академик-жазушы, өлкетанушы



