Экономикалық тұғырымызды нығайту тапсырылды

(0 Votes)

Инфляция қазіргі күннің басты мәселесі болып қалуда. Президентіміз күні кеше ғана «Түркістан» газетіне берген сұхбатында бағаның бұйдаға бас бермей тұрғанын жеткізіп: «Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. 

Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек», деген еді. Сұхбаттан ұққанымыз мемлекет халықты бағаның өсуімен бетпе-бет қалдырмайды. Халыққа ауыр тимес үшін, оның салмағын жеңілдету бағытында жұмыстар жасалатынына сенімдіміз. Мемлекет басшысын алаңдатқан инфляция қандай деңгейде? Осы жайлы сөз қозғайық. 

Өткен жыл жақсылығымен ғана емес, қымбатшылықпен де есте қалды. Halyk Finance талдау орталығының қаржыгерлерінің  жаңа шолуында 2025 жылдың басында инфляцияның үдеуіне бірден бірнеше факторлар ықпалын тигізген. Олар тарифтер мен отын бағасының өсуі, ұлттық валютаның әлсіреуі, Ресей рублінің нығаюы. Ең жоғары айлық инфляция  2025 жылдың ақпанында болды-1,5%. Әсіресе ақылы қызметтер қымбаттады. Азық-түлік емес тауарлар қыркүйекте (теңге бағамы төмендегеннен кейін) айтарлықтай өсті.  Желтоқсан айында  бағаның өсуі жеделдеген. Бірінші кезекте азық-түліктің өзі бір айда 1,2%-ға қымбаттаған. Бұл 2025 жылдың екінші тоқсанынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Тарифтер негізгі компонент болып табылатын ақылы қызметтер  бағасының өсу қарқыны да таңқаларлықтай жоғарылаған. Қазан айында олар 0,8%-ға төмендеп, қараша айында тек 0,3%-ға өсіп, ал желтоқсан айында бірден 0,6%-ға дейін, яғни, екі есеге көтерілген. Ал тарифтерді мемлекет толығымен реттеуде. Атап айтқанда, қазан айында тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тарифтер 3,5%, қарашада 0,3%-ға күрт төмендеп, бірақ желтоқсанда  кенеттен 0,6%-ға өсіп кеткен. Азық-түлік емес тауарлар сегментінде бағалар бір айда 0,7%-ға өсті. Сарапшылар өнім бағасының өсуі инфляцияның ықтимал жеделдеуін туғызатынын атап көрсетеді. Жалпы алғанда, 2025 жылғы инфляция 12,3%-ды құрады – бұл 2022 жылғы ең жоғары 20 пайыздық көрсеткіштен кейінгі орында тұр. Азық-түлік бір жылда 13,5%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 11,1%, ақылы қызметтер 12,5%-ға шарықтады. Сонымен қатар, Qazstat талдаушыларының мәліметтері бойынша, желтоқсан айында өнімдердің бір бөлігі арзандап отыр. Апельсин, сәбіз, қант және жұмыртқа бағасы төмендеді. Концентрацияланған сүт, қатты ірімшік және көкөніс шырындары қымбаттады. Бірқатар дәрі-дәрмектер бойынша айтарлықтай төмендеу тіркелді. Танымал препараттар, соның ішінде супрастин, энап және канефрон арзандады. Автокөліктер мен тұрмыстық техниканың бағасы сәл төмендесе, смартфондар мен жеке күтім өнімдерінің бағасы жоғарылаған. 2026 жылдың оң факторы – рубльдің әлсіреуі болуы мүмкін, ол қазір артық бағалануда. Ресей валютасының құлдырауы бұл елден әкелінетін импорттың құнын төмендетуі керек (бұл ең алдымен азық-түлікке қатысты). Ұлттық Банктің таяу перспективада төмендетуді жоспарламайтын жоғары базалық мөлшерлемесі және тұтынушылық кредиттеуді салқындату жөніндегі шаралары да өз кезегінде инфляцияның өсуін тежейтін болады деп күтілуде. Сонымен қатар, Halyk Finance  билік бірінші тоқсаннан кейін жанармай бағасы мен ТКШ тарифтерін  «босатуға» мүмкіндігі бар деп санайды. Айта кетер жайт сарапшылардың пікірінше  үкімет бюджет шығыстарын инфляциядан төмен қарқынмен мұқият ұлғайтып, тарифтердің өсуі тым күрт емес екеніне көз жеткізуі керек. Бірінші тоқсанның соңына дейін қолданылатын ТКШ тарифтерін көтеруге мораторий – бұл уақытша демалыс. Жылдың ортасына қарай коммуналдық қызметтер қайтадан қымбаттай бастайды. Бұлай етпеске амал жоқ, экономикалық  көріністі  ескере  отырып, тарифтерді көтеру қажеттігі туындауда. Мұнда ең бастысы – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жақында еске алған үйлесімділікті табу. Бір сәттік саяси пайдаға емес, дәрігерлердің зиян келтерімеңіз деген ежелгі қағидасына сүйене отырып әрекет ету маңызды. Қалай десекте 2026 жылы да инфляциядан құтылмаймыз. Әрине, нарықтық экономикада қатып қалған баға жоқ. Баға уақыт талабына қарай өзгеріп отырады. Бастысы оны өз еркіне жібере бермей бұйдалап ұстау.                                  

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT