Ұсынылған жаңа Конституция жобасын асықпай оқып шықтым. Құжаттың қазақ тілінде аса сауатты жазылғаны бірден көрініп тұр. Менің пайымдауымша ол бұрынғыдай орыс тілінде жазылып, кейіннен ана тілімізге тәржімаланбай бірден мемлекеттік тілде жазылғандығы деп білемін.
Конституциялық сот мәртебесінің күшеюі және адам құқықтарын қорғау тетіктерінің кеңеюі құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі болып табылады. Сонымен қатар зайырлы мемлекет қағидатының нақтылануы, экологиялық жауапкершіліктің конституциялық міндет ретінде бекітілуі, ұлттық мәдениет пен тілге басымдық берілуі қоғамның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына сәйкестендіріліп отыр.
Бұдан бөлек, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылыпты. Сондай-ақ неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы деген ереже Конституцияға енгізілмек. Бұл норма әйелдердің құқықтарын қорғауға, отбасылық институтты нығайтуға және қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтауға мүмкіндік береді. Конституцияда дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты нақты бекітіліп, рухани және діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалды.
Жаңа редакцияда басқа да нақтылықтарға қанығып, әділетті қоғамға бетбұрған қазақстандықтар үшін нақты әрі қажетті құжат деп бағамды беремін.
Асқар ҒҰМАРОВ,
ардагер журналист



