Демократиялық дамудың жаңа кезеңі

(0 Votes)

Қазақстанның жаңа тарихында өтіп келе жатқан Ұлттық құрылтайларда көтерілген мәселелердің ауқымы кең. Құрылтай алаңы – консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылып, көптеген игі жақсылықтардың бастамашысы болды. Бүгінде халық асыға күтетін, күн тәртібінде елдік мәселелерді талқыға салатын бірегей платформаға айналып, түрлі пікірталас алаңы, қоғамды біріктіретін тың идеялар орталығы ретінде көпке танылды.

Жалпы айтқанда, Ұлттық құрылтай қазақтың тағдыршешті шешімдері сараланып барып, қолданысқа енетін саяси алаң ретінде өзінің нық орнын белгіледі. Тіпті Ұлттық құрылтайдың маңыздылғы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларынан кем түсіп тұрған жоқ, бірін-бірі толықтырып отырады. Осы алаңда еліміздің әр өңірінен келген азаматтар ойларын ортаға салып, бір шешімге келуді мақсат етеді. Құрылтайға шақырылған әр сала мамандары да секциялық отырыста келелі мәселелерді көтереді. Ол жерде айтылғанға байланысты қабылданатын шешімдер мен берілетін тапсырмалар да өте маңызды, бұл оның қаншалықты қажетті орган екенін айғақтайды. Ұлттық құрылтай құрамында парламент депутаттары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы ассамблеясы  мен аймақтардағы қоғамдық кеңес мүшелері сияқты 117 адам бар. Құрылтай жылына бір рет өтіп тұрады, біріншісі ұлт ұясы – Ұлытауда, екіншісі түркі дүниесінің астанасы киелі Түркістанда, үшіншісі Алтын Орданың орталығы болған көне Сарайшыққа жақын Атырауда, төртіншісі қазақтың көрікті жерлерінің бірі Көкшетауда, әйгілі Бурабайда өтті. Енді, міне бесіншісі Алаштың анасы – Сыр елінде, мемлекет құрайтын ұлттың қазақ атауы қайтып берілген Қызылордада ұйымдастырылды. 

Бұл жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам дамуының өзекті бағыттарын айқындап, конституциялық және парламенттік реформалардың мәні мен маңызын кеңінен тарқатты. Құрылтай алаңында айтылған ойлар Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде жүріп жатқан түбегейлі өзгерістердің логикалық жалғасы екенін көрсетті. Ол өз сөзінде соңғы жылдары қабылданған шешімдердің басты мақсаты – әділетті, теңгерімді және халыққа есеп беретін мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен саяси реформалар тек жалпыхалықтық реформалар арқылы мүмкін болатынын айтып, мұнда Қазақстан азаматтары мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға тікелей араласып, тарихи таңдау жасай алатынына тоқталды. Бұл қадам қоғамның саяси жауапкершілігін арттырып, халықтың ел тағдырына бейжай қарамайтынын айқын көрсететінін жеткізді. Халық таңдауы арқылы қабылданған Конституциялық өзгерістер суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге жол ашты. Бұл – мемлекеттің даму бағытын тек билік емес, халықпен бірлесе айқындаудың нақты көрінісі. Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелердің бірі Парламенттің рөлін жоғарылату болды. Алдыңғы конституциялық реформалар нәтижесінде заң шығарушы органның өкілеттігі кеңейіп, оның саяси салмағы арта түсті. Болашақта жоспарланған референдумда да Парламенттің мәртебесі биіктей түсері анық. Бұл өзгерістер заң шығару сапасын арттырып қана қоймай, атқарушы билікке бақылау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде билік пен қоғам арасындағы кері байланыс нығая түседі.

Изжанов Әуез,

білім беру кәсіподақтары аудандық комитетінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT