Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жеті отырысын өткізіп, талқылағаннан кейін елдің жаңа Ата Заңының жобасын ресми түрде жариялады. Бұл бір апта төңірегіндегі талқылаудың ғана жемісі емес, бұған дейін де ел арасында пікірсайыстар жүріп, ел болашағын ойлаған белсенді қазақстандықтар өз ұсыныстарын «e-Otinish» және «eGov» порталдары арқылы білдіріп отырды.
Аталған комиссия бұл ескертпелерді назарға алып, тиісті саралаудан өткізді. Жалпы Конституцияға өзгеріс қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында мәлімдеген болатын. Қаңтардағы Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайда бұл мәселеге тағы да оралып, конституциялық өзгерістерді жуық арада өзірлеуді тапсырды.
Президент бастамасымен әзірленген аталған құжат саяси жүйені түбегейлі басқа бағытқа бұрып, азаматтардың құқықтық қорғалуын жаңа деңгейге шығармақ. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзету енгізуді көздейді, яғни Ата Заң мәтінінің 84 пайызын құрайды. Бұл жай ғана түзету емес, мемлекеттің дамуына бағытталған жаңа стратегиялық құжат. Констуцияның кіріспесіне, яғни преамбуласына соңғы уақыттарда ерекше назар беріліп отырған Ұла дала, Әділетті Қазақстан, заң және талап ұғымдары енгізілді. Жаңа редакциядағы мәтінде «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деп жазылды. Осылайша кіріспе бөлімі ішінәра жаңарғанымен мемлекеттің біртұтастығы, аумақтың бөлінбейтіні мен қол сұғылмайтыны туралы норма өзгеріссіз қалады. Конституциялық өзгеріс Президентіміздің бесінші Ұлттық Құрылтайдағы ұсынысы шеңберінде жасалды. Ел азаматтарынан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен барлық ұсыныстар ескеріліп, Конституцияға енгізілетін түзетулердің бірыңғай жобасы әзірленді. Ата Заң жобасына «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» тақырыбында екі бөлім қосылып, тағы төрт бөлімнің атауы өзгереді.
Жаңа мәтінде кіріспе, 11 бөлім және 104 бап болады. Жобадағы ең басты өзгеріс болашақта елімізде бір палаталы Парламенттің жұмыс жасауы, оны Құрылтай деп атау ұсынылады. Заң шығарушы орган 145 депутаттан тұрады және пропорционалды жүйе бойынша сайланады. Бұл саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып, қалың қоғаммен етене араласу арқылы халық үнінің тікелей естілуіне жол ашпақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта елімізде Вице-президент институты енгізілмек. Бұл лауазым Президенттің атынан халықаралық және қоғамдық маңызды мәселелермен айналысатын болады. Ал «Қазақстанның Халық Кеңесі» атты жаңа платформа стратегиялық шешімдер қабылдауда халықтың басты кеңесші органына айналады. Жобада азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктері кеңейіп, құқық қорғау механизмдерінің тиімділігі артады және Конституциялық соттың рөлі күшейеді. Конституция мәтіні бойынша республикалық референдум ұғымы жалпыхалықтық референдум деп өзгертіледі. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді. Оны өткізу туралы шешімді президент өз бастамасы бойынша да, Құрылтайдың, Үкіметтің немесе Халық кеңесінің ұсынысы бойынша да қабылдайды. Таңдауға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, жалпыхалықтық референдум өткізілді деп саналады. Жобада жалпыхалықтық референдум Конституцияға өзгерістер енгізудің жалғыз тетігі болатыны нақтыланған. Конституциялық түзетулердің күшіне енуі үшін оларды референдумға қатысушылардың көпшілігінің қолдауы, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистердің, облыстардың тұрғындарының кемінде үштен екісі мақұлдауы талап етіледі.
Талқылудағы конституциялық реформа азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуы мен саяси процестерді нақты демократияландыруды қамтамасыз етеді деп толық айтуға болады. Ата Заңның жаңа жобасы әлі де талқылануда. Азаматтар өз ұсыныстарын бұрынғыша «e-Otinish» және «eGov» порталдары арқылы жолдай алады. Әрбір қазақстандық мемлекетіміздің болашағы мен тағдыры айқындалатын маңызды науқаннан қалыс қалмауға тиіс.
Айбек НӘЖІМОВ



