Жаңа Конституцияға енгізуге ұсыныс етілген өзгерістердің өзегі деп адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындау деп білемін. Конституцияның кіріспесінде де адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп көрсетіліп тұр. Бұл қағида Конституцияның бүкіл мазмұнында жүйелі түрде көрініс табады.
«Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық пактілер мен өзге де жалпыға танылған халықаралық-құқықтық құжаттардың талаптары кеңінен ескерілген. Соның нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны айтарлықтай толықтырылып, олардың жаңа қырлары ашылды. Бұл құқықтарды іске асыру мен қорғауға берілетін кепілдіктер де едәуір күшейтілді.
Жалпы аталған жаңа нормаларда адамның негізгі құқықтарын қорғауға ерекше басымдық берілген. Сонымен қатар өзгерістер сөз бостандығын, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндікті қамтамасыз етуге, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды нормаларды қамтиды.
Ұлан ИМАНҒАЛИ,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі



