Коменданттық сағатты бұзғаны үшін жауапқа тартылды

(0 Votes)

Елдегі оқыс оқиғаға орай, Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шешімінің нәтижесінде төтенше жағдай енгізіліп, коменданттық сағат бекітілді. Бірақ, екі аптаға енгізілген төтенше жағдайды ескермей, шектеу уақытын елемей жүрген жандар да баршылық.

Аудандық соттың судьясы Г.Тасқынбаева коменданттық сағат тәртібін бұзған Құрманғазы ауылының тұрғыны Е.Ш. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінің 476-бабы 1-бөлігі 10-тармағымен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.  

Е.Ш. төтенше жағдай жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген талаптар мен шектеулерді бұзып, 2022 жылғы 8 қаңтар 00 сағат 05 минут шамасында, Құрманғазы ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектебі тұсында маркасы ВАЗ-2106  көлігінде жүргені анықталған.

Сот отырысында Е.Ш. төтенше жағдай талаптарын, түнде жүруге шектеулер қойылғанын білмегенін айтып, кешірім беруін сұрады. Аудандық полиция бөлімінің полиция инспекторы А.Ниғметов істің мән-жайын баяндап, 2022 жылғы 08 қаңтарда түнгі уақытта Құрманғазы ауылы орталығында Шора өзенінің көпірі үстінде автокөлікті тоқтатқанда бір топ адамдар отырғандарын, оларға түнгі сағат 23-00-дан кейін жүруге болмайтындығы туралы ескертіп жібергенін, артынан қайтып басқа көлікпен ПМК елді мекенінде ұсталғандарын, солардың ішінде Е.Ш. болғанын айтты.

Жауапкердің төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзғандағы кінәсі өзінің жауабынан басқа, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы М.Халеловтың, А.Ниғметовтың баянатындағы мәліметтерімен, өзіне қатысты жасалған сауал қою хаттамасындағы түсініктемесімен дәлелденген. Сот  Е.Ш-ның өз әрекетінің құқыққа қарсы сипатын сезiніп, әкiмшiлiк құқық бұзушылық әрекетке саналы тұрде жол беріп, онықасақана жасаған деп санап, әкімшілік жаза қолдану барысында әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын ескеріп, сот оған ескерту немесе айыппұл жазасын тағайындауға негіз жоқтығын таныды. Нәтижесінде осы бапта көзделген қамақ жазасының он тәулік мерзімін қолдануды қажет деп санады.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521