Мұқашев ашқан музей

(0 Votes)

Құрманғазы ауданында тұ­ра­тын Ғалымжан Мұқа­шев­тың мамандығы – есепші.

Бірақ бала кезінен тарихи жә­ді­герлерді, көненің көзіне айналған бұйымдарды жинауға әуес болыпты.

Алдымен тігіншілігімен танымал болған анасы Молқұйма Құспан­ғалиева аяқпен қозғалысқа кел­тірілетін ұршығын далаға тастағысы келмепті. Сөйтіп, анасы тұтынған бұ­йым­дар­ды көненің көзіндей сақ­тауды жөн көреді. Кейін соғыс ар­да­гері, ішкі істер саласының үз­дігі атанған әкесі Батырғали Мұқа­шев­тың қолданған бұйымдарын да жинақ­тайды.

Осылайша, өз үйінде музей жа­сақтала бастағанын байқамай қа­лады. Кейін музей қоры ауыл аза­маттарының бұйымдарымен то­лығып, өткен ғасырдың 60-70-жылдарын көз алдыңызға елестетеді. Кейбір жәдігерлердің жүзжылдық тарихы бар. Музей білте шам, үтік, құман секілді тұрмыстық бұйым­дар­мен толықты. Тіпті диірменнің тасы да тұр. Телевизор мен радио­қабылдағыштың, музыкалық ас­пап­тардың бірнеше түрі бар. Тәуел­сіздікпен бірге айналымға енген теңгенің алғашқы нұсқаларын да кездестіруге болады.

– Ән жазылған пластинканы айнал­дыратын ескі патефонды та­бу қиын ғой. Іс тігетін машина, радио­ның бірнеше түрі – мұның бәрі көне жә­дігер. Кейбірін ағайындардан, дос­тарымнан сұрап алдым. Белгілі қа­ламгер Рахмет Иманғалиевтің жазу машинкасын балалары тапсырды. Идаят Қуанғалиев деген көршімнің транзисторын ағаның көзіндей сақтап отырмын, – дейді Ғалымжан Мұқашев.

Қолы босаған сәтте өзі жасақтаған шағын музейдегі көне бұйымдарды қалпына келтіріп, кейбірін өңдейді. Сол себептен болар, елу жыл бұ­рынғы патефондар, радио-транзисторлар әлі күнге дейін жұмыс істейді. Мыс пен жезден, ағаштан жасалған көне бұйым, әсіресе телефон мен фотоаппараттың алуан түрі тізіліп тұр. Болашақта музейді ке­ңейтіп, аудан жұртшылығына таныстыруды мақсат етіп отыр. Кейбір жәдігердің тұсына шыққан жылын, атауын жазып қоюды қолға алмақ.

Жолдасбек Көшербайұлы,

egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521