Жошы хан заманынан мемлекеттілігі сақталған

(0 Votes)

Мұнайлы астана төрінде өткен 750 жылдығына негізделген ғылыми-практикалық конференция, басқа да іс-шаралар ұлт тарихының алтын дәуірі саналатын кезеңді әр қырынан жарқыратып ашып көрсетті.

Осыған қатысып, көзайым көрермені болып өзіндік ой түйюмізге мүмкіндік жасаған аудан әкімі Марат Мурзиев мырзаға айтылар ықыласымыз шын көңілден. Шараның ашылу салтанатына санасында саңылауы бар атыраулықтарды былай қойғанда Ұлық Ұлыс тарихымен айналысатын ғалымдар, Еуропа, Америка, Түркия, Жапония, Ресей, Украина, т.б. елдерден осы бір қазыналы тарихымыздың көмбесін ашып, үңгуге ықыласты ғалымдар арнайы келіп қатынасты. Бұл да Тәуелсіз елдің өткені мен келешегіне әлем жұртшылығының бей-жай қарамайтындығының анық көрінісі.

Облысымыздың басты руханият орталығы – Махамбет атындағы қазақ мемлекеттік драма театры бүтіндей сол дәуірдің кейпіне айналып, Алтын Орданың қандайлығын паш етті. Бас-аяғы шілтерлі сауытқа оранған батырлар кейпі соншалықты сұсты. Белдерінде қайқы қылыш, қолдарындағы найза үкісі бастарындағы дулыға үкісімен қосыла билейді. Бір қолындағы арыстан иттер алдыға қызылкөздене ұмтылады. Шіркін, қыпшақ даласының батырлары-ай, Ұлы даланың сынық сүйем жерін ұлықтаған! Қыран бүркіттерінің томағасын сыпырып, болат тұяқтарының тегеурінін сынауға бейім бүркітшілер, тазыларын сылаңдатқан батырлар қағылез де ширақ. Ұлы даланың бесігі тербелген киіз үйлер шаңырағы өзінше бір аспанға айналғандай. Сол дәуірдің тұтынған заттары қиялыңды қай-қайда оздырады. Қошқар мүйіз оюлары, текемет, терме алаша, өгіз терісінен иірім тапқан бұзау тіс қамшы, дойырлар, тіпті, шоқпар, шашақты найзалар қыпшақ даласының қорғаны, сәні мен салтанаты да.

Ашылу салтанатында облыс әкімінің үшбу сәлемін, құттықтау сөзін оның орынбасары Бақытгүл Хаменова үкілей жеткізді. Сахнада театрландырылған қойылым сөйледі. Алтын Ордаға қатысты шаң басқан қара қазанның оты маздап, ошағы шоқтанды. Әсіресе, көңілімізді мына бір тұжырым айрықша толқытты: «Жошы хан заманынан бері өз мемлекеттілігін сақтап қалған әлемдегі бірден-бір егеменді ел – Қазақстан. Бүгінгі күні Жошы ұлысының құрамына кірген басқа түркі халықтарының не мемлекеттілігі жоқ немесе басқа елдердің құрамында автономия ретінде өмір сүріп келеді». Шараның екінші күні Махамбет ауданының жеріндегі әйгілі Сарайшыққа сапар жалғасты. Сарайшық Ұлық Ұлыстың астанасы, рухани орталығы, хандары – Берке мен Өзбек Ислам дінін қабылдаған. Жәнібек, Бердібек хандар «Алтын таққа» отырған. Еуропа мен Азияның керуен жолдары түйіскен негізгі қала. Кешегі көргеніміз көрген бе, мұнда «Алтын Орда» дәуірі қыз-қыз қайнап жатты. Сол заманның қақпасы кіреберісіндегі аспанға қол созған қос тұғыр үстіндегі қос батырға қараудан жүзің жасқанады. Алшия қонған он екі қанат ақ ордалардың сыртына қарап, ақ киіз туырлықты елдің ұрпағы болғаныңа кеуде кермей қайтер едің? Ал оның ішіндегі сол дәуірдің тынысын сездірерлік дүние – мүкәммәлдар қайран қалдырады.

d7d4e219-78a6-4ac0-88e5-be697989fda5

Ғасырлар тұмшалаған асылдарымызды атыңнан мың айналайын Тәуелсіздік сынын бұзбай сыналап аштың. Арнайы тігілген киіз үйлерде қыштан сол заманның ыдыстары жасалуда. Ер тұрман әбзелдерін, он екі өрмеден бастап түрлі қамшылар өрілуде. Алтын, күмістен зергерлік бұйымдар жасаушы ісмерлер де жеткілікті. Келі түйіп, диірмен тартып отырғандар да бар. «Самаурын теру» өрнегін салып, алаша тоқып отырған ақ жаулықты қазақы киімдегі ажарлы келіншектің маңына иірілушілер қарасы көп екен. Жанары жарқ етіп сәлем салғанда оның өз ауданымыздан, бесаспап өнерпаз, М.Әуезов орта мектебінің мұғалімі Ғалия Сайыпқызы екенін көріп, көңіліміз көкке көтерілді. Сөз жоқ, «Алтын Орда» аруы. Сөз орайында айта кетсек біздің ауданнан барған он екі қанат ақ Орданың сән-салтанатының келістілігін әңгімелегендерді өз құлағымыз естіп, өз көзіміз көрді. Осы істің басы – қасында жүрген Зияда Сәдуақасқызының, Анар Нуриқызы және бастаған барша мәдениет өкілдерінің аудан намысын алға шығарғандарына разы болып ағалық алғыс арнадық. Бір шетте жұртшылық қазақы сәйгүліктердің үсті-астында ойнақ салған атбегілердің нешеме керім өнерін тамашалап тұрды. Бүркітшілердің қолындағы қыран бүркіттер көкке тынымсыз ұмтылса, тазылардың нешеме түрі иелерінің қолынан жұлқына тартынады. Сарнаған түйелер, боздаған боталар жаныңа сол заманның сарынын құярдай. Алтын тағында, қос батырдың ортасында қазақтың ханы отыр алысты болжап, ел тағдырына алаң күйде. Бүгінгі өзін ойлағыш, көпсөзділерге сабақ болса, қанеки! «Атырау» газетінің биылғы 22 қазандағы 84-і нөмірінен алып отырғанымыздай, бүгінгі ұрпақ мынаны ойларына түйсе екен дейміз: «Жошы және оның даңқты ұрпақтары құрған ұлысқа Қазақстанның тікелей қатысы бар. Әлемдегі ең алып империя дәл Қазақстан аумағында пайда болып, содан кейін басқа іргелес аймақтарға тарады. Осыдан 750 жыл бұрын, 1269 жылы Талас бойында Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарынан шыққан түркі – моңғол ақсүйектерінің ұлы құрылтайы өтіп, онда осы ұлыстардың билеушілері – орталығы Қытайда, Пекин (Ханбайлық) қаласында орналасқан империядан өздерінің Тәуелсіздігін ашық жариялаған болатын. Жошы ұлысы аумағының едәуір бөлігін қазіргі Қазақстанның және этникалық қазақтар шоғырланған іргелес жерлері алып жатқаны да анық.

Ұлыстың негізін қалаған Жошы хан Қазақстан аумағында (Қарағанды облысы Ұлытау ауданы) жерленгені бесенеден белгілі. Жошы ұрпақтарының билігі ең ұзақ уақыт сақталған жері де дәл Қазақстан аумағы болып табылады (Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір хан 1845 жылға дейін, Кенесары хан 1847 жылға дейін билік еткен). Демек жошылықтардың мемлекеттілігі қазіргі Қазақстан аумағында пайда болып, 6 ғасыр бойы үздіксіз өмір сүріп келеді». Астаналарының бірі – Сарайшық Атырау облысында орналасқан және мұнда бір-біріне жақын ағайын – туыс болып келетін Ұлық Ұлыс пен Қазақ хандығының билеушілері бірге қойылған. Демек, «Алтын Орда» тарихы – қазақтың да біте қайнасқан тарихы. Оны жас ұрпақ санасына сіңіру, отаншылдық рух тәрбиесі аясында қарастыру – мектептер ұжымдарының міндеті екені анық. Түркі дүниесін қанықтырып, әлем құлағын елеңдеткен «Алтын Ордаға» бағышталған шарада Атырау облысының әкімдігі аянып қалмай, мерейімізді үстем етті. Жан-жақтан құйыла жеткен ғұламалардың өңіне қан жүгіріп, өңіріміздің де ұлылығын мойындағанын көру бір ғанибет екен, шіркін!

 

Таңатар Дәрелұлы, жазушы, Қазақ журналистикасының қайраткері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT