Тарыдай шашылған қазақ

(3 Votes)

Тарих бетіндегі ақтаңдақтардың бірі 1921-1922 жылдардағы кіші ашаршылық пен 1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық кезеңдері. Жалпы, Қазақстанда 1914 жылы жүргізілген санақта 6 млн. 920 мың қазақ болса, 1933 жылы 2 миллионнан сәл-ақ асатыны қалыпты.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1921-1922 жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам құрбан болған екен. Демограф ғалым Мақаш Тәтiмовтің мәліметі бойынша 1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адам болса, сол кезде болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 млн.850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны айтылады. Не болғанда ХХ ғасыр басындағы қазақтың басына келген ашаршылық, нәубет, қуғын-сүргін зобалаңы халқымыздың біраз бөлігін өлтіріп тынып, енді бір бөлігін тентіреп бас сауғалап қашуға итермеледі. Тәуелсіздік алған тұста белгілі жазушы Смағұл Елубаевтың жариялаған «Алаш жұртына ашық хатында» 1932 жылғы қанды геноцид болмағанда, 1992 жылы қазақтың саны жер бетiнде 10 миллион емес, 30 миллионға жетiп жығылатындығын атап өтеді. Ал, демограф Мақаш Тәтiмов бір сөзінде егер 1932 жылғы ашаршылық сияқты зұлматқа тап келмеген болса, қазақтың саны әлем бойынша 30 миллион, өз iшiмiзде 25 миллионға жетер едi деген деректі келтіреді. 1992 жылы әлем қазақтарының бірінші құрылтайы өткенде қандастарымыздың саны 10 миллион адам деп айтылды. Он жыл өткен соң, екінші құрылтайда бұл сан 13 миллионға жетті. Ал, қазір кейбір деректер ұлтымыздың саны 16 миллионнан асқанын көрсетеді.

Қазақстаннан бөлек әлемнің 43 елінде 5 миллионның үстінде қазақ бар. Солардың тек 800 мыңға жуығы ғана диаспора құрайды. Қалған 3 млн.700 мыңы ирредент қазақтар саналады. Ирредент қазақтар дегеніміз Ресей империясының, кейін Кеңес Одағының құрамында болғанымызда түрлі кезеңдерде жүргізілген солақай саясаттың салдарынан тұрып жатқан жерлері Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға қосылып кеткен қандастарымыз. Оған Ресейдің Астрахан, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы Алтай, Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданының Алтай, Тарбағатай, Іле, Құлжа, Еренқабырға, Барқакөл-Құмыла аудандарында, Моңғолдың Бай өлке, Өзбекстанның Сырдария, Шыршық, Қызылқұм, Мырзашөл аудандарында тұратын ағайындарымыз жатады.

Деректерге сүйенсек, Қытайды 1 млн.500 мың қазақ мекендейді. Бұл елде қазақтарға ұлтын қытай деп жаздыруға рұқсат етілген. Алайда, бұл мүмкін емес. Екі ұлттың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Егер солай жазылса, ол қазақ емес, қытай болып саналады. Сонымен қатар ҚХР қазақтар туралы статистикалық мәліметтерді кемітуге мүдделі емес. Сол себепті бұл–нақты дерек. Аспан асты елінде қазақ тілінде хабар тарататын 3 телеканал мен радио жұмыс жасайды, елуден аса газеттер мен журналдар ана тілімізде шығады. Ал, 30 миллионға жуық халқы бар Өзбекстанға келсек, мұндағы қазақтардың саны 840 мың мен 1 млн. 500 мың арасында құбылады. Елдегі демографиялық саясатқа байланысты өзбек болып жазылып кеткендерді қосса 1-2 миллион төңірегінде деген де дерек бар. Бірақ, мұны анықтау қиын. Себебі, алға қарай Қазақстанға көшпек ниетпен қазақ болып жазылған өзбектер де жоқ емес. Енді, Ресей Федерациясына назар аударсақ, мұндағы қандастарымыз жайлы деректерді нақтылау қиын. Қазақстан бұл елдің 12 әкімшілік ауданы мен 7 облысымен шектеседі. Статистикалық деректер іргелес елдегі қандастарымыздың санын 900 мың дейді. Басым бөлігі Еділ мен Жайық өзендерінің бойында қоныстанған. Мысалы ең көбі Астрахан облысында, жергілікті халықтың 12,8%-ын құрайды, яғни 150 мың адам. Кейінгі орындарда Орынбор (111,5 мың), Волгоград (70 мың), Саратов (38 мың), Самар (14 мың) облыстары тұр. Қалған облыстарда бұдан аз. Қалған шет мемлекеттерге келсек 25 мыңмен Түркия көш бастайды. Иранда мен Ауғанстанда 10 мыңнан, АҚШ-та -7, Германия мен Канадада - 5, Францияда- 4, Пәкстанда -3, Ұлыбританияда -2, Швецияда -1 мың қазақ болса, қалғандарында мыңға жетпейді.

Бір айта кететін жайт, шетелдегі қазақ диаспорасында салт-дәстүрімізді, тіліміз бен ұлттық мәдениетімізді, дініміз мен бабалардан қалған дәстүрімізді сақтап қалуға қатты көңіл бөледі. Қытай мен Моңғолиядағы қандастарымыз әлі күнге дейін киіз үй тігіп, көшіп-қонып жүреді. Бүгінде біз мұражайлардан көретін құрал-жабдықтар оларда сол күйінде сақталған. Қалың қытайдың арасында жүріп жұтылып кетпей, қазақ болып қалудың өзі қасиеттілік, тектілік. Осы жағынан алғанда олар қандай құрметке де лайық. Қазақстан өз қандастарын еліне шақырып, оларға жағдай жасап отырған әлемдегі саусақпен санарлық мемлекеттердің қатарына жатады.Тәуелсіздік таңы атқаннан бері 1 миллионнан аса қандасымыз атамекеніне оралыпты. Былтыр ғана 13 мың қазақ туған жеріне ат басын тірепті.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521