Тұрекең де тоқсанда

(1 Vote)

Тұрекең деп отырғаным ел солай атап еркелеткен ұстазымыз Тұрар Құрманғалиев аға.

Өзі 18 жыл редактор болып басқарған («Ленин жолы» аталған кезде) аудан үнжариясының түйедей құрдасы. Амантай Жамалидденов, Жұмақай Ғұмаров, Қыдырсиық Құсайынов, осы жолдардың авторы, Сағынтай Қуанышбаев, Нұрлыбек Шайхаденов, Гүлмайда Жұбанова т.б. журналистер мен газет қызметкерлерінің ұстазы. Қара шал жабыдан жүйріктерді тез айыра білетін ерекше қасиет иесі. Бұл жазба дүниесі де бір тұңғиық әлем.

Біріміз шексіз ләззатын тұшынып, көктен сорғалаған қырандай ағып кетеміз, өзге тірліктің бар екенін ұмытамыз. Екіншілеріміз әбден жауыр болған еңсесі түскен жабыны қара борбай қылып бір нәрсе тындырамыз. Тұрекең оларды да ренжитпейді. Бірінің сұйығы, бірінің қоюы деп қарап, тәуірдің көлеңкесіне жасықты жасырып, тұтас дүние құрайды. Кімнің қандай шамасы түсінеді. Кешіріммен қарайды.

Журналистикада «былай жаз, олай жаз» деп саған ешкім үйретпейді. Жүрегінде оты бар жан олардың әр лебізінен, жазған-сызғандарынан көп нәрсе іліп үлгереді. Алғашында мен үшін қуана қоймаған ұстазымды көп уақыт өтпей мерейлендірген шәкіртінің бірі екенімді үлкен құрметпен еске аламын. Шанды, оқу бітірмеген шәкіртіне өзі демалысқа кеткенінде «Редактор үшін» деп қол қойдырып, «Ленин жолына» иелік еткізді. Нұржаудан айдамалдап істеп жүрсем де сенімін еңіске түсіргенім жоқ. Ол уақытта жазба айтыс қой, ілестіріп жүріп талай айтыстарға салса, аламанда суырылып шумақтардан шашу шашып мерейін тасытқанбыз.

Міне, «Серпердің» 90 жылдығы. «Алп-алп басқан, алп басқан» демекші, осынау торқалы да, толғаулы тұста иесі де киесіндей болып қоян-қолтық жүрмегеніміз өкінішті. Газеттің 70,80,85 жылдық тойлары кезінде аудан көлемінде дүрілдеп өтті. Облыс көлеміндегі БАҚ құралдары, билік өкілдері, ресейлік әріптестер қатынасқан ұланасыр тойлар еді, ол! Әрине, редакторы өзім болғандықтан қай-қайсында да ұстазым, оның мәртебесі хақындағы ойларды көпшілікке жария қылып көңілін марқайтқаныма бүгінде өз-өзіме ризамын.

Тұрар Құрманғалиевтің өмірі әртүрлі атқарған қызметтері жайында аз жазылған жоқ. Өзінің де өзіміздің де кітаптарымызда, сарғайған газет тігінділерінде жетіп артылады. Қажет деген жанға тоты құстай таңға сайрап бере аламыз. Әңгіме онда емес, әңгіме Тұрекеңнің жазғыштығында. Ол облысты мойындатқан, республикаға танымал қаламгердің бірі де бірегейі болды. «Теңіз достары» дегенінен бастап, тамаша драмалық қойылымдар, очерктер, новеллалар, әңгімелер, публицистикалық жанр табиғатынан ауытқымаған репортаждар, сұхбаттар т.б. дүниелер қаламынан туындатып, қысқасы «Тұрар мектебін» қалыптастырып кетті. Әркімнің өз пікірі өзінде. Мен көрген облыс өңіріндегі редакторлардың ішінде, журналистер арасында да оның алдына түсетінін байқай алмай келемін.

Бап иә жағдай таңдамайды, кез-келген уақытта үстелдің бір шетіне отыра қалып бұрқырата жөнеледі. Тәуір дүниелерін жазарда ешкімнің мазаламауын қалайды. Ашық аспанына әп-сәтте қара ала бұлт үйіріледі. Ол бір қаратауға айналып кетеді. Қара таудан тілгілей құйған нөсер қандай екпінді. Айналаны көл қылмай, қақ тұрғызбай басылмайды. Содан соң сатыр-сұтыр күркүреген бұлттар ыдырап, жарқ етіп күн шығады. Ол жазғыш Тұрардың күні! Мен ұлағатын сарқи алмаған Т.Құрманғалиев осындай журналист.

Оны сағынатындардың көзі азайып барады. Біз де бұл тірлігі түскірдің қаншалықты тұтқыны?! Жаннат Құрманғалиева апа жан дегенде жалғыз қарындасы. «Жәкөнім» деп оны айтқанда жанары жасаурайтын. Жақында «Ауданның Құрметі Азаматы» болды дегенді естіп, Тұрекеңмен қауышқандай қуандым.

Ағаның тағы бір қызы Сайлаухан қайтыс болды дегенде ащы өксікке тұншықтым. Өткен бір әзірде Атырау базарынан көріп, қолынан костюм алғам, енді қарындасымның көзі, деп иығыма ілем де. «Таңатар аға!-» деген сонда жанары тұңғиықты құшып. Сол соңғы жүздесуіміз екен. Басы бар тірліктің аяғы бар, ағайын, аз күнгі бұйырмыста иттей ырылдаспайықшы осы.

Таңатар Дәрелұлы,

«Серпердің» ұзақ жылдарғы бас редакторы, жазушы, ҚР-ның Құрметті журналисі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521