Бұл мақаламда Ұлы Отан соғысы жөнінде түрлі баспасөзде жазылғандардан ойыма орныққан, кейбір көпшілік біле бермеуі де мүмкін оқиғалармен бөліспекпін.
Әйгілі Брест қамалын соғыс басталған 22 маусымнан шілденің аяғына шейін (кей деректе 5 тамызға дейін) қорғаған 3,5 мың кеңестік солдаттың барлығы дерлік қазақстандықтар екен. Қамал қоршауда жау тылында қалып, біздің әскерлеріміз кері шегініп кетеді. Тек Брест қана «өліспей, беріспейміз» деп қаһармандықтың үлгісін көрсетіп бір айға жуық жауды қамалға аттап басқызбады. Қанды қасаптан жалғыз Смирнов(Соколов болуы да мүмкін) деген солдат тірі қалды деп кезінде жазылып жүрді. Кейіннен «Огонёк» журналының сыртқы бетіне суреті де басылды. Сол батырмен ертеректе «Алатау» санаториінде кездесоқ қатар демалғанмын. Ауыл шаруашылығы институтының профессоры, өндіріс оқу базасының (учхоз) басшысы, бір аяғы санынан жоқ. «Запорожец» машинасының ең алғашқы түрі «жук» аталатын көлігі бар, ірі денелі адам болғандықтан оған екі балдағы түгілі өзі әрең сыятын еді. Сонымен кейде тырылдатып келіп-кетіп жататынын көзім көрді. Бүгінде Брестті қорғағандар ішінде болып, елге аман оралғандар қатарында юрист-ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Қайрат Мамидың әкесі Әбдіразақ, күйші Құрманғазы бабамыздың немересі Төлеген Құбашұлы Құрманғазиев (Исатайда тұрды) болғандығы туралы тың деректер шықты. Демек, қаһарман қамалды қорғағандардың тірі қалғаны әлгі айтқан жалғыз Смирнов болмағаны ғой.
Неміс басқыншыларының өз апаны Рейхстагты жанын сала қорғағанымен кеңестік жауынгерлер қызыл ту қадады. Екінші майдан ашқан одақтастар армиясы не ойлары барын білмекке басшылық ол жаққа барлаушы жібереді. Әлгі барлаушы Эльба өзенінің арғы бетінде орналасқандардың нақты одақтастар екенін анықтаған сұм соғыстың бітуі жақындағанына қуанғанынан сол жерде кездескен атқа жайдақ мініп шауып бұл хабарды дереу штабқа жеткізеді. Бұл барлаушы Ақтөбенің Алға ауданында дүниеге келіп, Кемерово қаласы балалар үйінен әскерге алынған Әлібеков Айтқали деген қазақ жігіті болатын. Ол кейін туған ауданына келіп, кеңшарда кәсіподақ комитеті сияқты жұмыстарды атқарған екен. Сөйтіп, одақтастардың Берлинге Қызыл Армиядан бұрын кіруге талпыныстары жүзеге аспағандығын ресмилеуге, кішкене ғана эпизод деп санасақ та, тарихи мәні бар үлесін қосқан еді.
Облысымыздан соғыста батыр атанғандар тізіміне Березин Иван Николаевич деген азамат қосылып келді. Әлі күнге дейін оны жерлесіміз деп иемденіп келеміз, түрлі басылымдарда бұрынғыша жазылуда. Индердегі Аққала ауылында туған деп те қоямыз. Әрине, батыр ортақ, олар бүкіл еліміздің мақтанышы деуге болады. Ұлы Отан соғысында даңқы шыққан батырларымыздың бірі, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының кейіпкері (Қайрош), марқұм Қайырғали Смағұлов ағамыз «Біз соғыстан кейін елге келгенде көрмеген құрметіміз жоқ, Гагарин сияқты болдық қой» деп айтып отыратын еді. Батырдың қай-қайсысы, да соған лайық қой. Жалпы соғыстан аймағымызға аман оралған батырлар тек екеу, оның бірі Г.Ф.Канцев еді. Ал, қалған А.Н.Афанасьев, М.Баймұқанов, Ф.С.Мазуров, М.Мусаев, Б.Нысанбаев сынды батырларымыз Отан қорғау жолында қаза тапты.
Ал сегізінші жерлесіміз И.Ф.Махорин соғыстан бұрын жас кезінде әкесімен ол да Индердің Аққала ауылынан Қызылорда жеріне қоныс аударған. Әскерге де сол жақтан алынып, кейін сонда тұрған. Оны Жеңістің 35 жылдық мерекесіне орай, әдейі шақыртып елге алдырғанбыз. Ол кезде мен Индер аудандық партия комитетінде идеология саласына жауапты екінші хатшы боп жұмыс жасайтын едім. Батырға қаладан Қайырғали Смағұлов ағамыз бен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Кенжебай Мырзағалиев (Москвадан Губкин атындағы нефтехимия институтын тамамдаған, қазір Нұр-Сұлтан қаласында) бірге келіп еді.
Сол шарамыздан нақты әсер қалдыратын бір-ер жайтті айта кету қажет деп отырмын. Қысқартып, ең нақтысын айтсақ, алдымен жерлес батырымыз өзінің ауылына жеткенде туған топырағына жата қалып аунады. Содан соң село ішінен өзінің туған үйін танып, тауып, табалдырығын сүйіп, маңдайын тигізді, біраз толқыды. Әкесі көшкенде елде қалған апасымен кездестіргендегі толғаныс (апасына ескертпестен тікелей барып есік соққанбыз) тіпті сол сәтте кім-кімге де оңай болған жоқ. Соларды суретке түсіруге әдейі бірге жүрген фототілшіміз де бір мезгіл ой тұңғиығына түсіп кетті ме, әйтеуір, «Қайтадан құшақтасып, сүйісе тұрсыншы, түсіріп алайын» дегені есімде. Осы айтылғандар туған топырақты, балалық шақты, ағайын-туысты аңсаудың тәлім аларлық өмір белестері екені даусыз. Сол үшін де осы мақалаға қосып отырмын.
Енді Кеңес Одағының Батыры И.Н.Березиннің Гурьев облысында туғандығы, не бізден әскерге шақырылғандығы, не әке-шешесінің мұнда болғандығы, тіпті кейбір фамилияластардан басқа, еш туыстары да жоқ екендігін анықтайтын қолжазба (оригинал) архивте сақтаулы. Онда ата-анасының Новокузнецк (бұрын Сталинск) қаласы, Пролетар көшесі, 53 үйде тұрғандығы туралы, туған апасы Степанида Михайловна (батырдың анасының бұрынғы күйеуінен) өз қолымен інісі Иван туралы деректер берген екен. Сонымен, И.Березин Алтай өлкесі, Павлов ауданы, Лебяжье селосында дүниеге келген, әскерге Искитиль аудандық комиссариат арқылы шақырылған деп көрсетілген. Егер бұл Есбол (кейде орысша Испуль деп те жазады) ауданы болса біздің облыстағы комиссариат оны Искитиль деп қате жазбайды ғой.
Сондықтан, Жеңіс паркіндегі батырлар саяжолына 75 жылдық қарсаңында кеудемүсін орнату кезінде И.Березин мен Ж.Елеусіновке ескерткіш қоюды негізсіз деп таптық. Оның орнына «Даңқ» орденінің үшеуімен де награтталған жерлестеріміз, майдангер офицер Қызылов Сахап Бакуұлын қосылды. Ол ерліктері үшін соғыста екі рет «Қызыл жұлдыз» орденін алған. Соғыстан соң көршілес Астрахан облысында еңбек етіп, «Октябрь революциясы» орденімен марапатталған малшы Сахапты (Сахып емес) марқұм журналист Рахмет Иманғалиев анықтап еді. Ал батыр Жәнібек Елеусінов ДОСААФ ұйымы облыстық комитетін басқарып, кейін мектепте әскери дайындық пәнінен сабақ беріп, біздің облысты жеті-сегіз жылдай еңбек етіп кеткен өзге өңірдің тумасы еді.
Қ.РИЗУАНОВ,
Атырау облысының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері