Өңіріміздің шынайы шежіресі зерделенеді

(0 Votes)

Аудан әкімдігінде мәселеге орай өткен алғашқы отырысындағы әңгіменің негізгі өзегі – киелі күй өңірінің шынайы тарихын, біртуар тұлғаларының өмірдеректерін анықтау екендігі ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаевтың сөзінде қамтылып кетті.

Бұл бойынша өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиұлы жан жақты айтып өтті. - Еліміздің, облысымыздың халыққа мәлім болған нысандары кірген шежіре кітапқа біздің ауданнан екі ғана нысан еніпті. Осы мақсатта шығарылған энциклопедияда өңірімізден ең қажетті деген нысандар кірістелмей қалғаны өкінішті. Республиканың картасында да Құрманғазы ауданынан көзге шалынар ештеңе жоқ. Осы ауданның тарихи тұлғалары әңгіме бола қалғанда бар айтарымыз Құрманғазы, Дина, Мақаш болып қысқаша тұйықталады. Сонда не, біздің өзге біртуарларымыз қайда? Түбіміз жоқ, тарихымыз беймәлім біз қандай адамдармыз? Біз бүгінге шейін кеңестік идеология шеңберінің зерттеуімен ғана шектеліп келеміз. Хазар мемлекеті туралы, оның екі бірдей астанасы болғандығы мүлде айтылмайды. Алтын Орда мен Сарайшықтың аралығындағы бізге тиесілі ұлы даланың шынайы көмбесінің әлі шеті шұқылмаған. Қола дәуіріндегі қорымдарымызға қол тимегендіктен ешқандай да құжаттары жоқ. Өмірзақ Қажымғалиұлы шынайы тарихымыздың зерттелмей, зерделенбей жатқанына өкінішін білдіре келе енді оны қолға алатын мезгілдің әбден жеткеніне тоқталды. Өз өңіріміздегі беймәлім болып келген асылдарымызды өзіміз жарыққа шығарып, елді мекендердің арғы-бергі шынайы тарихын хатқа түсіру, тарихи нысандарың нақтылы деректерін тауып, еліміздің ортақ алтын қорына енгізу осы отырған көзі ашық, көкірегі ояу, өткеніміз бен бүгінімізге бейжай қарамайтын сіз бен біздің төл борышымыз, деді баяндамашы.

- Ол төрт кезеңнен тұрады, деді одан әрі – Киелі жерлер мен қасиетті орындарды анықтау және ештеңеңсін қалдырмай анықтау – бірінші қолға алатын жұмыс. Осы мақсатта аудан энциклопедиясын шығару одан кейінгі шаруа. Тарихи, қасиетті орындар анықталғаннан кейін оны көпшілік ардақ тұтатын нысанға айналдыру үшін абаттандыру, баснына түнемелік үй-жай салу, т.б. Төртінші – оларды халықаралық туристік орталыққа бейімдеуге қол жеткізуіміз. Өмірзақ Қажымғалиұлы осы мақсатта жұмыстанатындардың «өлкетанушы» деген құжатының болуын қаперледі.

Мұндай іргелі іспен айналысатын өлкетанушылардың басын қосатын «Пен клуб» құрылуы қажеттігіне тоқталды. Олардың алдын ала дайындалған толық емес тізбесімен Өркен Сержанұлы таныстырып өтті. Қай округте кімдер жұмыстанатыны жария болды. Қатысып отырған аудан активі мүшелерінен Берік Әнесов, Әлімбай Әбдірахман, Жұмақай Ғұмаров, Жандос Бектеміров, Асқар Мұфтах өз ұсыныс пікірлерін білдірді.

Қысқасы туған өңіріміздің кеңестік жүйедегіге мүлде қосылмайтын шынайы шежіресі зерделеніп, беймәлім тұлғалары, қасиетті орындары анықталатын болады. Бұл мақсаттағы бітірер тірлігімізді алдымен Алла қолдасын!

Т. Дәрелұлы

Сурет: ашық дереккөзінен

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521